2005 жылдан бері кітапханамызда "Жыр-Жауһар" поэзия клубы жұмыс жасайды. Осы клубтың алғашқы мүшесі әрі төрағасы болып клуб жұмысын үлкен деңгейге жеткізіп, жетелеген Алмаз Мырзахмет бүгінгі күні әдебиет әлемінде танымал екені даусыз. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде "Жалын" баспасынан жуырда жарық көрген Алмаздың "Ханшайым" атты туындысы болады. "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару" бағдарламасы бойынша "Жас толқын" сериясымен шыққан бұл кітап көпшілік оқырманға арналған.
Жазушы, Мемлекеттік "Дарын" сыйлығының лауреаты Дидар Амантай кітапқа алғы сөз жазып:
Мен Алмаз бауырымнан үміт күтемін. Оның міндетті түрде өз оқырмандарын табатыны сөзсіз, әрі шығармалары әр кітап сайын кемелдене беретіні тағы да шындық
- деп өз бағасын берген екен.
Талантты жас жазушы 1987 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Бүгінгі күні Республикалық әдеби-қоғамдық "Қасым" журналының жауапты хатшы қызметін атқарады. Халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалінің "Үздік әдеби туынды" номинациясының І орын иегері. Оқырманды елең еткізіп, баурап алар жаңа туындылары көптеген республикалық басылымдар мен әдеби сайт порталдарында жариялануда.
Облыстық кітапхана ұжымы және "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері Алмаз Мырзахметті алғашқы жарық көрген "Ханшайым" туындысымен құттықтайды.
Алмаз үшін бәріміз қуаныштымыз!
Шығармашылық табыстар мен тың туындыларың молая берсін!