Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігі пешенесіне бұйырған бүгінгі бақытты ұрпақтың негізгі міндеті - Тәуелсіздіктің тұрақтылығын нығайту. Ес біліп, етек жинаған әрбір Қазақстан тұрғыны Қазақ елінің азаматы екендігін мақтан тұтып, зор мәртебе көруі тиіс.
Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен Қазақстан Респуликасының Тәуелсіздігі мерекесіне арналған «Тәуелсіздік - теңдесі жоқ байлығым» аттыпоэтикалық марафонның мақсаты да өскелең ұрпақтың бойында туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту, көпұлтты еліміздегі татулығымызды дәріптеу болып табылады.
Шараға қатысушылардың жас мөлшері шектелмегендіктен, тілек білдіргендер қатарында бастауыш сынып оқушыларынан бастап, ЖОО студенттері болды. Поэтикалық марафонға қаламыздағы №17 мектептің, №38 гимназияның, №93 мектеп-гимназиясының, дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Мұрагер» мектебінің оқушылары, Шет тілдер колледжінің, Тәттімбет атындағы Өнер колледжінің, Қарағанды коммерциялық колледждерінің, Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, ҚарМТУ, ҚЭУ, ҚММУ студенттері, кітапхананың жас мамандары, «Дакия» Румын Мәдени Орталығы Қоғамдық бірлестігінің, Украина Мәдени Орталығының мүшелері, барлығы - 58 үміткер қатысты.
Тәуелсіз еліміздіңтарихын, Қазақстан халықтарының тұтастығы мен бірлігін, еліміздің қазіргі өркендеуін жыр шумақтарына арқау еткен қатысушылар қазақ, орыс, ағылшын, неміс, армян, румын, украин тілдерінде «Тәуелсіздік», «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Кең байтақ Қазақстан», «Халықтар достастығы», «Астана» номинациялары бойынша қазақ ақындарының туындылары мен өздерінің тума туындыларын оқыды.
Тәуелсіздік тойы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің дарынды жастарының өз туындыларынан құрастырған «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым» композициялық жыр-шашуымен ашылды. Марафонның ең жас қатысушылары, періште көңіл бүлдіршіндердің бар ынталарымен оқыған жырлары көрермендерге айрықша әсер етті. Әсіресе, №38 гимназияның 2-сынып оқушылары Кикинбаев Еркебұланның қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, ал Метросян Гамлеттің қазақ, орыс, армян тілдерінде мүдірмей оқуы, №17 мектептің 4-сынып оқушысы Тұрғанбеков Шыңғысханның «Елбасына арнауы» ерекше болды.
Шара барысында кітапханашылар тарапынан Тәуелсіздік шежіресі тарқатыла айтылып, «Қазақстанның тәуелсіздігі - ұлттық мақтаныш» кітап көрмесі сұрақ-жауап түрінде таныстырылды. Қазақ тіліндегі Д. Тимофееваның «Елім-ай», В. Игошинаның (№38 гим.) «Туған жерім», М. Бөртебаевтың («Мұрагер» ДБА) «Әнші дауысым», үш тілде нақышына келтіріп айтқан «Жас Қазақстан», Ә. Унайбековтің «Жаса, Қазақстан», Ш. Тұрғанбековтың (№17 мек.) «Туған жер» өлеңдері мен № 93 мектеп-гимназиясы оқушыларының «Жаса, Қазақстан» хоры, А. Исатаева (ҚЭУ), А. Алтай (Шет тілдер колледжі) және Тәттімбет атындағы «Өнер» колледжінің студенттерінің орындауларындағы патриоттық тақырыптағы әндер шабытқа шабыт қосып, кештің әсерлілігі мен маңыздылығын арттыра түсті.
Жеңімпаз ретінде іріктелген 32 қатысушыға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Ал көрермен ықыласына бөленген басқа қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Қазақстанды мекен еткен әр түрлі жастағы ұлт өкілдері қатысқан поэтикалық марафонның танымдық, тағлымдық мәнін оқырман қауым таразылай жатар. Ал біздер, ұйымдастырушылар, бұл іс-шараны қорытындылай келе, болашақта қазақ елінде тарихи сабақтастықты жалғастыратын, аузы дуалы, сөзі киелі, ізденімпаз, білімді ұрпақтың өсіп келе жатқанына куә болдық.