Бүгін 21 мамыр Қазақстанның мәдениет және өнер өкілдерінің кәсіби мерекесі аясында кітапханамыздың 90 жылдық мерейтойына «Менің өмірімдегі кітапхана» атты кездесу кеші өтті.
Мерекелік кештің қадірменді қонақтары: Қаламыздың шығармашылық интеллигенциясы: қылқалам шебері, суретші Айбек Каленұлы Бегалин, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы, әнші Гүлмира Тапай, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің дәстүрлі әншісі Сержан Таранұлы Мұсайын, С. Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының артисі Талғат Амангелдіұлы Садықов қатысып, әңгіме өрбіте отырып, кешімізге арнайы шығармашылық тартуларын ұсынды.
Бүгін Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қарағанды қаласының колледж студенттері арасында «Балалар әдебиетінің классигі» атты әдеби ринг ойыны өтті.
Шараның мақсаты-қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру. Ұлттық әдебиеттің үздік шығармаларын оқу арқылы кітап оқуға баулу.
Кітап сүйер қауым, бізде жаңа кітап! «Күміс кісе». Авторы Абзал Бөкен.
Бұл кітаптың тұсауы ақынның 75 жас мерейтойына арналған «Күн астынан күміс жамбы жаудырған» атты шығармашылық кешінде кесілген болатын. Сол кеште осы кітапқа қолымыз жетпей қалып еді. Абзал аға өзім кітапханаға әкеп берем деген уәдесінде тұрып, кітапханамызға сыйға тартты. Оқырманын қуантты.
Жалынды жырларымен оқыр¬мандарының жүрегіне елдік пен ерліктің дәнін еккен, қазақ поэ¬зиясында айшықты қолтаңбасы бар ақын Абзал Бөкеннің бұл кітабы Алматыдағы «Ар» баспасынан басылып шықты.
Білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана екені бәрімізге аян. Осыған орай, бүгін кітапханамыздың өлкетану әдебиеттері бөлімі жанынан құрылған «Ой-орда» пікірлесу клубының ашылу салтанаты өтті.
Білім іздеген жастар арасынан сапалы орта құрып, туған өлке туралы білімді терең меңгертуді, дамытуды, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды және клуб мүшелерінің мәдени интеллектуалдық деңгейін жан-жақты дамытуға бағытталған ғылыми-әдеби, мәдени шаралар ұйымдастыруды мақсат еткен клубтың алғашқы отырысы ақын, Елін сүйген ерлер партиясының негізін қалаушысы Бүркіт Ысқақұлының 100 жылдығына арналды.
Қазақтың Қанышы. Дәл осындай атаумен Қарағанды өңірінің колледж студенттерінің арасында облыстық зияткерлік ойыны өтті.Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болған сайысзаңғар ғалым, дара дарын, бірегей құбылыс, қазақ халқының маңдайына біткен асыл перзенттерінің бірі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылды.Ондағы мақсат – жастарды ғылым-білімге ынталандыра отырып, академик Қ. И. Сәтбаевтың өмір жолы және қайраткерлік қызметімен жақынырақ таныстыру, насихаттау, дәріптеу, жастардың шығармашылық потенциалдарын ашып көрсету және өз отанының тарихына деген танымдық қызығушылығын арттыру, кітап оқуды алға жылжыту.
Ойынға 4 қатысушыдан құралған барлығы 5 команда қатысып, өзара бәсекеге түсті. Олар Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Жалын» тобы, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Форт» тобы, А. Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Ер Едіге» тобы, Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің «Алау» тобы, Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «Bolashaqqa qadam» тобы.
Игі шара кітапхана басшысы А.С.Шаймуханбетованың құттықтау сөзімен басталды.