Қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларды дәріптеу әдеби шындықпен әдіптеп көркемдеу бүгінгі күнге жалғасқан игі дәстүр.

Өлкеміздің тарихындағы ақын-жазушылардың есімін жаңғыртуда, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыруда, жергілікті ақын – жазушылардың шығармаларын насихаттап, кенді өңірде бүгінде қалам тербеп жүрген жастар арасында бағыт бағдар берудегі кітапхананың алдына қойылған міндеттерінің бірі.

Осыған орай кітапханада «Сыйға тартқан кітаппен таныс бол» атты библиофреш өтті.

Белгілі жазушы, қоғам қайраткері, көпшілікке танымал өлкетанушы, этнограф, жерлесіміз Кәмел Жүністегінің балалары2022 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Шортанбайдың зар заманы» атты зерттеулер кітабының 48 данасын облыс кітапханаларына сыйға тартты.

 

Шарада сөз кезегін алған жазушы, этнограф, өлкетанушы, Қарағанды облысының құрметті азаматы Төрехан Әкімжанұлы Майбас - «Кәмкеңнің бітірген шаруасы шаш-етектен. Ондаған тарихи туындылар берді. Шортанбай жыраудың академиялық жинағын түзді. Ел, жер тарихынан түзген шежіре кітаптары бір төбе. Аруақты бабалардың мәңгілік бесіктерін тауып, белгі қоюдағы еңбегі де айтулы дүние. Арқаның шертпе күй шеберлерінің галереясын жасады, ел қолындағы домбыралар үлгілерін жиыстырды. Ең бастысы жастар жүрегінде жүрген Кәмел ағамыздың еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсету болмақ» - деп Шортанбай жырауды зерттеудегі қажымас еңбектері жайлы өз ойымен бөлісті.

Полиция генерал-майоры Мейірлан Ахмедияұлы Қызылов Кәмел Жүністегінің қазақ әдебиетінде алатын орны жайында, оның өлке тарихына қосқан үлесі жайлы ортаға салып, 2023 жылы «Алгорифм» баспасынан жарық көрген «Министр Қабылбаев» атты кітабын кітапханаға сыйға тартты.

Сөз кезегін алған Кәмекеңнің қызы Гүлнаш «Әкемнің өмірі жолы оңай болған жоқ, қиындықтарды басынан кешірді. Ол өмірдің қырлы бұрышын айналып өткен жоқ, оңай жол іздеген жоқ, тек адал еңбек етті. Оның өмір жолында жақсы адамдар көп болды. Солардың бірегейі әкем ауырып жатқанда «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан аға үйге келген болатын әкемнің қал жағдайын сұрап, осы бүгінгі кітапты «Шортанбайдың зар заманын» шығаруға қол ұшын беретінін айтып, 2022 жылдың желтоқсан айының соңында үйге әкеп беріп, уәдесін орындаған еді. Әкем осы кітаптың баспадан шыққанын көріп кетті. Әкем бізге осы кітаптарды Қарағанды облыстық кітапханаларға сыйға тартыңдар деп аманат еткен еді. Соны сіздерге жеткізіп отырмын» – деді.

 

Шара барысында оқырмандар «Шортанбайдың зар заман» кітабындағы өнеге сөздерді оқып, мән-мағынасын ортаға салып, пікір алмасты.

Сонымен қатар оқырман назарына жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Қаламы тарихтан сыр шерткен» атты кітап көрмесі ұсынылып, Кәмекең туралы бейнефильм көрсетілді.

Әдебиет қашанда бір халықтың болмыс тіршілігінен хабар беретін сол халықты тәрбиелетін бағдаршам десек те болады. Ендеше осы «Шортанбайдың зар заманы» кітабы оқырмандар қауымына рухани азық сыйлайды деген сенімдеміз.

РS

К.Жүністегі артына өшпейтін мол мұра қалдырған жазушы. «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы Абыз», «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары», «Шырағдан», «Қоңыр Құлжа», «Мөрші», «Арманым оттан өрілген», «Едіге», орыс тілінде «Вожак» т.б. кітаптарының, «Құба белдер» трилогиясының, «Тар заман» спектаклінің авторы.

Өлкетанушы ретінде көпшілікке мәлім. Шет өңірінен шыққан ұмыт болған Шортанбай жырау, Диа қажы, Қақпан ақын, Төлеубек, Хасен, Жәкен, Тәшен, Маясар, Түсетай, Сәрінжіп, Оқа ақындардың шығармашылығын зерттеген. Көптеген зерттеу жұмыстары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жарияланды. Яғни өлке тарихын насихаттау ісіне қыруар еңбек сіңірген жазушы.

 

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева