Өнер дейтін ұлы құдіретке бас иіп, өлең дейтін қасиетті ұғымды қастерлейтін жыр сүйер қауымды Қасым жырлары тағы да асқақтатты.
Өздеріңізге белгілі Қарағанды облыстық мәслихатының шешімімен Кривогуз көшесі қазақ поэзиясының көрнекті қайраткері, ақын Қасым Аманжоловтың құрметіне берілген болатын. Бұл көшенің атауы ақын есіміне берілгені біз үшін үлкен мәртебе. Осыған орай, 2021 жылдың 5 мамыр күні Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен біздің кітапхана дауылпаз ақын, жерлесіміз Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жылдығына орай «Қасым көшесінде...» насихат акциясын ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – Қасым Аманжоловтың есімін ел ішінде кеңінен тарату, қарағандылықтардың әдеби талғамдары мен оқу мәдениетін қалыптастыру, дауылпаз ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау.
Акция екі кезеңнен тұрды, бірінші кезеңде 2-3 адамнан құралған бірнеше топ Қ.Аманжолов көшесі бойымен жүре отырып, қала тұрғындарымен сұхбаттасып, ақын жайлы ақпарат қағаздар ұсынып, өлеңдерін оқып, әндерін шырқауға тартса, екінші кезеңде Қасым Аманжолов ескерткішінің алдында «Еркін микрофон» форматында Қасымның өлеңдері, Қасымға арналған арнаулар оқылып, әндері шырқалды.
Қасым көшесінде тамаша мереке болды. Дауылпаз ақын ескерткіші алдында өршіл рухпен төңкеріс жасаған ақынның жырларына куә болдық.
Шараға қатысқан жастарымыз «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының мүшелері А.Мырзахмет, Ж.Кенжебаев, Е.Ақбергенов, М.Идирисова, республикалық дәстүрлі «Қасым оқуларының» жеңімпазы И.Алтаева, облыстық этномәдени орталығының мүшесі Х.Расулова, Ғ.Мұстафин атындағы орта мектептің мұғалімі А.Жанатқызы, кітапханашылар Э.Ярцева, Н.Артықбаева, т.б.Қасым ақынның шығармаларымен әуезді әндерімен жіті таныс екендігін байқатты.
Қасымның жырлары тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, азербайжан, неміс тілдерінде оқылғаны «Аманжол – Рахымжанның Қасымының» асыл мұрасы бүгінгі азат елдің, тәуелсіз Алаш баласының бағалы да байтақ қазынасы екендігін айғақтай түсті.
Шараның өтіп жатқанын көріп, тоқтаған Қасым көшесінің тұрғыны Жәнібек Жаманқұлов игі шараға ақ тілегін білдіріп, жастармен бірге ақынның «Туған жер» әнін шырқап, акцияның мәртебесін көтеріп тастады.
Бұл шара ақын есімі ұрпақ жадында сақтаулы екені тағы да дәлелдеді. Дауылпаз ақынды тану – бүгінгі және келер ұрпақтың парызы деп білеміз.
Қасым көшесінде жыр төгіле берсін! Қасым жырлары әлемге шарықтай берсін!
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева