Кітапхананың көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы қаламыздың №27 орта мектебінің 4-сынып оқушыларына Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымның шығармашылығына арналған «Балаларға тарту» атты ақпараттық сағатын өткізді.

Шараның мақсаты – оқушыларға танымдық  бейне презентация арқылы жазушының шығармашылығымен таныстыру, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы жайлы ақпарат беру, балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, әңгімелеу арқылы сөйлеу шеберліктерін қалыптастыру.

Оқушылар назарына «Таудай талаптың жемісі» атты Т. Әбдірайымның «Жалқаулыққа кім үйір?», «Ағыл - тегіл», «Тағдыр сыйы», «Летят журавли», «Алабұға аулаған күн» кітаптары мен мерзімді басылымдарынан көрме ұйымдастырылып, «Балдырған» журналының әр жылдардағы сандарында жарық көрген шығармалары арнайы таныстырылды.

Аталмыш шара барысында бүлдіршіндер жазушының «Алабұға аулаған күн» әңгімесін аудио нұсқа арқылы тыңдап, соңынан пікір таласқа қатысты. Шығармаға өзек болған алабұға балығымен жақын танысып, балық аулаудың да қыр-сырынан мағлұматтар берілді. Жас жеткіншектердің кітапқа деген ынтасын арттыру мақсатында оқушыларға сұрақтар қойылып, туынды жайлы пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік берілді. «Мен айтамын» деген балалар қатарының көп екенін көру бақыт екенін тағы бір сезіндік.