Бүгінгі күні жастардың қоғам өміріндегі рөлі күн өткен сайын маңызды болып келеді. Алдыңғы шепке серпінді, креативті, заманауи ой-пікірі бар жас кәсіпқой мамандар шығатын уақыт туды. Жақсы кәсіби дайындығы мен дұрыс ұйымдастырушылық қабілеті бар қызметкерлер кітапхана тағдырын анықтайды.
3 тамыз күні Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен кітапханамызда «Жылдың үздік жас кітапханашысы — 2023» облыстық кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Байқау арқылы бүгінгі күні кітапханаларда қоғамның қойған талаптарына сай бола алатын білімді, мақсаткер, шығармашыл, жағдайды билей алатын, өзгерістерді дер кезінде көріп, дұрыс шешім қабылдай алатын жоғары деңгейдегі мамандарды анықтауға тырыстық.
Облыстық байқауға Абай, Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандары мен Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларының орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінен 11 үміткер қатысып, біліктілігін сынға салды.
Ал жастардың әлеуетін білікті де кәсіби мамандар анықтады: А.К. Карашова - Н.В. Гоголь ОӘҒК облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы (қазылар төрайымы), В.И. Пак - Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК ғылыми хатшысы К.М. Калиева - Абай атындағы облыстық балалар кітапхана басшысының орынбасары.
Жастарға бүгін кітапхана мен кітапханашының бет-бейнесін өзгерту – біздің мамандыққа деген құрметті жаңғыртудың жалғыз жолы екенін ұғындыра сөйлеп Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысы Д.Б. Аманжолова байқауды ашты.
Жастарға байқау барысында бағыт-бағдар бере отыра жүргізсін деген ниетпен білікті де тәжірибесі мол кітапхана қызметкерлері Б. Оспанкулова мен Э. Ярцева байқауды көрікті жүргізді.
Жалпы ереже бойынша байқау төрт кезеңде өтті.
І кезең «Кітапханашы келбеті» деп аталып, қатысушылардың ұсынған бейнероликтері арқылы өздерімен таныстық.
«Библиопортфолио» кезеңінде қатысушылар өздерінің бірегей шығармашылық жобаларын қорғады. Жобалар арқылы облыс кітапханаларында оқырмандарды кітапханаға және кітап оқуға тарту мақсатында іске асырылып жатқан жаңа идеялармен таныстық. Атап айтар болсақ, Абай ауданынан келген үміткер Ыбрайхан Әйгерім Дубовка ауыл кітапханасында жасөспірімдердің көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын, логикасын, сыни ойлауын және көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Жалын» дебат клубын ұйымдастырғаны жайлы айтса, М. Әуезов атындағы Қарағанды қалалық кітапханасының кітапханашысы Е. Величко балаларға арналған «Студия эстетического воспитания» атты өз жобасы жайында баяндап, оқырмандарымен қыркүйек айында Астанада өтетін Comiс Сon фестиваліне қатысатыны жайлы бөлісті.
III «Библиоэрудит» кезеңіне қазылар алқасы кәсіби сұрақтар дайындап, қатысушылар кәсіби шеберліктерін, ой-өрісінің кеңдігін, тапқырлығын көрсетті. Анықтама түрлері, кітапхананы пайдалану ережелері, ірі баспаларды атаған жас мамандар кітапханалық өлкетануға байланысты сұрақтардың жауаптарына тіпті іркілмеді. Дегенмен, әлі де жас кітапханашылар кітапхана саласының қыр-сырын тереңдете білу үшін жүйелі түрде өз білімдерін жетілдіру керектігіне көзіміз жетті.
Ал кітапханашылардың жеті қырлы, бір сырлы екенін дәлелдейтін соңғы IV кезең қатысушылардың туған өлкеге деген махаббаттарын анық байқатты. Ақтоғай ауданынан келген Толеуова Перизат жазушы К. Жүністегінің 80-жылдары сапарда естіген әңгімесі бойынша Жидебай батыр туралы шығармашылық қойылым ұсынса, Шет ауданынан келген үміткер Нұрахметов Азамат «Қарағанды» қаласына арналған әнді нақышана келтіріп орындады.
Жалындап тұрған жас мамандар арасынан ең үздік дегенді таңдау қазылар алқасына қиынға соқты. Дегенмен, «Жылдың үздік жас кітапханашысы — 2023» байқауының ЖЕҢІМПАЗЫ болып Шет аудандық орталық кітапханасының жас кітапханашысы Нұрахметов Азамат Амантайұлы танылып, 100 мың теңгелік сертификатқа және облыстық басқарманың Дипломына ие болды. Ал байқаудың қалған 10 үміткеріне «Қатысушы Сертификаты» табысталды.
Байқаудың жеңімпазының алдында үлкен міндет тұрғаны әрбір қазылар алқасымен айтылды. Себебі, ағымдағы жылдың қазан айында ҚР Ұлттық кітапханасында өтетін «Жылдың үздік жас кітапханашысы — 2023» республикалық байқауында Нұрахметов Азамат арқа елінің намысын қорғайды. Азаматқа Қарағанды облысы кітапханашыларының абыройын жоғары деңгейден көрсетуіне сәттілі серік болсын деген тілектеміз!