«Сарыарқа саңлағы» Жазушы, этнограф Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің 80 жылдығына арналған: библиографиялық жадынама / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Ж. С. Шохшина. – Қарағанды, 2022 ж. – 23 бет
Көрнекті әдебиеттанушы, өнер зерттеушісі, алаштың аяулы азаматы, ұлт рухының жанашыры, қазіргі заманғы қазақтану ғылымының негізін салушылардың бірі, филология ғылымдарының докторы, ғалым-жазушы, публицист – Ақселеу Сланұлы Сейдімбек әдебиет, тарих, этнография, филология, өнертану салаларында өнімді еңбектерін қалдырған. Ұлылықтың үлгісі болған Ақселеу Сейдімбек – саналы ғұмырын, халқымыздың өр рухының, өнегелі салтының, өрелі қалпының аса көрнекті өкілі еді. Ол тек өз творчествосымен ғана емес, күллі ғылыми, әдеби жұртшылықты қазақ оқырманының тарихи зердесін, мәдени өрісін, этнографиялық білігін арттыруға, жұмылдыруға ат салысқан санаулы санаткерлердің бірі. Бір сөзбен айтқанда, Ақселеу Сейдімбек бүгінгі қазақ зиялылары ішінде өзінің феноменальді қабілет-қарымымен ерекшеленетін заңғар тұлға. Артында қалған құнды мұралары мен кітаптары болашақ ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы тиіс.
Олай болса, құрметті оқырмандар! Халықтың рухани құндылығын, өнері мен өнегесін дәріптеген зерек ойлы ғалым-этнограф Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты да, танымды деректер жинақталған «Сарыарқа саңлағы» атты библиографиялық жадынамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Көрсеткішті құрастыру барысында облыстық кітапхананың каталогы, өлкетану әдебиеттер бөлімі мен ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің қордағы кітаптары, тарихи танымдық анықтамалар мен әдеби еңбектері, мерзімді басылымдар беттеріндегі деректі мақалалар мен интернет ресурстары пайдаланылды.
Библиографиялық жадынамада жазушының өмірбаяны мен еңбектерінің және ол туралы жазылған әдебиеттер тізімі енгізілді. Мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен шығармаларының тізімі хронологиялық ретпен орналасқан.
Библиографиялық жадынама студенттерге, жазушының шығармашылығын зерттеушілерге, әдебиетті сүйетін оқырман қауымға арналған.