Жеңістің өшпес шырағы: облыстық байқаудың «Жеңіс жайлы жырлаймын...» және «Соғыс жайлы барлығы жазылған жоқ» аталымдарына түскен шығармалар жинағы. – Қарағанды: «MAGZHAN», 2020. – 120 б.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Жеңістің өшпес шырағы» облыстық байқауы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қолына қалам ұстаған дарындардың басын қосты! Байқау жоғары деңгейде өтті. Сексенге тарта үміткерлер бабы мен бағын сынға салып, екінші дүниежүзілік соғыс, қаһармандарымыз, ардагерлеріміз, тыл ардагерлері жайлы, Отан, ел мен жер, патриотизм тақырыбында жаңа шығармаларын ұсынып, руханият қорына елеулі олжа салды.

Екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіс туының желбіреуіне қазақстандық қаһармандардың үлесі орасан зор болды. Сол Жеңіс туын Рейхстакқа тіккен Рахымжан Қошқарбаев ағамыздың ерлігінің өзі неге тұрады?! Бұл жолда қасықтай қанын, бозторғайдай жанын қиған жерлестеріміз, қаһарман қарағандылықтар қаншама! Етігімен от кешіп, кеудесін оққа тосса да есімі елеусіз қалған батырларымыз әр әулеттен, шаңырақтан табылады. Олардың есімін жаңғырту – бұл байқаудың басты мақсаттарының бірі болатын. Ұлы Жеңіске арналған жерлерді, ескерткіштерді, Жеңіс жолында шаһит болған, тылда ерен еңбек еткен ардагерлерді жастар шығармашылығына арқау етуді көздедік, және бұл мақсаттарға жеттік деп ойлаймын!

 

Байқауға сексенге тарта жұмыс түскені ерекше оқиға! Жастардың өткенді ұмытпай, тарихты шығармашылығымен ұлықтай жүргені жақсылық нышаны!

Рухани-шығармашылық аламан бәйгенің қорытынды кеші еліміздегі карантин жағдайына байланысты қашықтықтан өтті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар боп шыққан жеңімпаздарды тікелей эфирде марапаттадық. Байқау қорытындысы, жемісті жұмысы ретінде үздік деп танылған шығармаларды жинақтап, кітап ретінде ұсынып отырмыз. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген. Бұл байқауда жұлдыздай жарқырап шыққан жаңа есімдердің талантын көпшілікке насихаттау, оларға қолдау көрсету облыстық мәдениет басқармасының және облыстық кітапхананың басты міндеті деп білеміз!

Шығармашыл тұлғаларға сәт сапар тілеймін!

Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ
Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы