Қарағандыдағы алғашқы кітапхана: тарих беттерінен. 1934-2009 = Первая библиотека Караганды: страницы истории.1934-2009 : жинақ Қарағанды облыстық Н. В. Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының 75 жылдық тарихына арналған / Қарағанды облысының Мәдениет басқармасы, Қарағанды облыстық Н. В. Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханасы ; құраст. В. И. Пак. - Қарағанды : Гласир, 2009. - 247 б. : фот.
Бұл «Қарағандыдағы алғашқы кітапхана» жинағы Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының 75 жылдық тарихына арналған және кітапхана тарихы туралы ұмытылған немесе бұрын белгісіз болып келген жеке-жеке материалдарды бір жүйеге келтіруге талпыныс, сондай-ақ кезінде арнаулы білімдері болмаса да әрқашан кәсіби және адами жоғары деңгейде болған кітапханашылар туралы.
Ертеректе кітапхананың мерейтойлары туралы негізінен шағын ғана ақпараттық материалдармен шектелгенін атап өткен жөн. Алғашқы сондай материал 1973 жылы «Индустриальная Караганда» газетінде берілген. Сонымен қатар біздің кітапхананың тарихы туралы Қарағандылық белгілі журналист И.А.Ляховскаяның бірнеше мақалалары жарияланған. Іс жүзінде тек осы материалдар бойынша ғана кітапхана тарихының негізгі кезеңдерін анықтауға болады.
Жинақпен жұмыс барысында мерзімді басылымдардағы материалдар, кәсіби журналдар, өлкетанушы Л.Ф.Семеновтың альбомдары, кітапхана ардагерлерінің естеліктері пайдаланылды. Жинақ материалдары әртүрлі себептермен пайда болған ақпараттық бос кеңістікті толықтыруға арналған: іс жүзінде кітапхананың 30-40 жылдардағы жұмысы туралы мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер сақталмаған, кітапхана ардагерлерінің айтқан әңгіме-естеліктері жазылып рәсімделмеген, мүмкін өз жұмыстарына онша мән бермеген шығар.
Жинақтың дерекке негізделген базасын құру үшін Н.В.Гоголь атындағы ОҒӘК-ның мұрағаттық құжаттары қаралып, зерттелді: Бұйрық кітаптары (1940-1975), кітапханада жұмыс істеген қызметкерлердің жеке іс-қағаздары (1951-1976), кітапхана зейнеткерлерінің жеке іс-қағаздары, «Индустриальная Караганда» газетінің 1944-1949 жылдардағы сандары жаппай қаралды. Кітапхана ардагерлерінің өмірбаяны туралы кейбір материалдарды олардың туған-туыстарынан алу сәті түсті. Кітапхана тарихындағы кадрларға байланысты кейбір сәттерді бұйрық кітабындағы бірнеше жолдардан байқауға болады. Бұйрық кітабындағы жазбаларға қарағанда әсіресе 1942-1943 жылдары кітапханада кадрлар жетіспеушілігі басым болған. Қарағандыға Совет Одағының батыс облыстарынан эвакуацияланғандар арасындағы білімділері уақытша кітапханаға жұмысқа орналасқан, ал туған жерлері босатылғаннан кейін олар елдеріне қайтқан. Міне, осындай құрғақ жолдармен көрсетілген бұйрықтар негізінде кітапхана тарихы біртіндеп қалпына келтірілді.
Жинақ 6 тараудан тұрады:
I тарау Кітапхана тарихы: даталар мен деректер
II тарау Кітапхана тарихындағы адамдар
III тарау Кітапхана тарихы – бөлімдер тарихы
IV тарау Кітапхананың кітап қазынасы
V тарау Білімді жаңғырту – кітапхананың ойдағыдай дамуына кепіл
VI тарау Ақпараттық-қатынастық технология – кітапхана дамуының басым бағыты
Жинаққа қосалқы аппараттар:
- Кітапхананы марапаттау және мадақтау
- Кітапханашыларды марапаттау және мадақтау
- Қысқартылған тізімдер
- Әдебиеттер тізімі
II тарау – «Кітапхана тарихындағы адамдарды» іріктеу туралы редакциялық комиссияның шешімі бойынша мәліметтер табылған барлық директорлар және ардагерлер қатарына кітапханадан зейнеткерлікке шыққан, жұмыс өтілі 30 жыл және 60 жасқа толған адамдар алынды. Кітапхананың дамуына үлес қосқан және құрылымдық бөлімдерде 10 жылдай басшылық жасаған кітапхана қызметкерлері «Кітапхана тарихы – бөлімдер тарихы» III тарауға енгізілді.
Жинақ ең алдымен кітапханашыларға арналған және аймақтағы алғашқы кітапхананың құрылуы және даму тарихы туралы көпшілік білгісі келген қауымға ұсынылады.
Редакциялық комиссия сапалы жасалған аударма үшін Н.Б.Быхинаға, мәтіннің қазақ тіліндегі компьютерлік термесі үшін (I-III, VI тараулар) Н.Ә.Рахимоваға және Н.З.Бейсенбековаға (IV-V тараулар), құжаттар мен фотосуреттерді сканерлегені үшін Г.Н.Үмбединоваға алғыс білдіреді.
Сонымен қатар басылған материалдар мен фотосуреттер беріп көмек көрсеткен кітапхананың бұрынғы қызметкерлері Қ.Қ.Абдрахмановаға, К.Көшмағамбетоваға, Г.В,Комарницкаяға, ауызша естелік берген И.Б.Мухачеваға (Л.Ф.Мухачеваның қызы), О.В.Морозоваға (М.М.Шишкинаның немересі) алғыс білдіреді.