Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік дамуы жолында ғылымның алатын орны айрықша. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан ғалымдарының алғашқы форумында (01.12.2011 ж.) сөйлеген сөзінде «...Елдігімізді дамытуға ғалымдар үлкен үлес қосуда. Олар ғылымды дамытып, жаңа мектептер қалыптастырды. Сондықтан тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктеріміздің бірі – ғылыми әлеуетімізді сақтап қалуымыз болды» - деген болатын.

Қазақстан топырағында  ғылым тақыр жерден пайда болған жоқ. Сонау орта ғасырларда қазақ топырағынан шыққан ойшылдар, 19 ғасырда ағартушылық бағыт ұстанған, алғашқы ғылыми ойдың туын көтерген ғұламалар, 20 ғасырдың басында Алаштың атын шығарып, ұлтын ұлықтаған  тұлғаларымыздың есімі қазақ жұртының, әлем жұртының есінде сақталған.

Осыған орай кітапханамызда «Рухани жаңғыру: тұлға тағылымы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың Қазақстан ғылымы жайлы айтылған ойы цитата ретінде алынған. «Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары» жинағы дала данышпандары Әл Фараби мен ойшыл Абайға арналған. «Мәдени мұра» бағдарламасына енетін кітаптар топтамасынан екі томнан тұратын «Қазақстан ғылымы» энциклопедиясы ұсынылды. Ғылыми еңбекке ғылым салалары, ғылыми  - зерттеу институттарының ғылыми табыстары, тың жаңалықтар енген. «Қазақстан ғалымдары» энциклопедиялық анықтамалығының І, ІІ томына Қазақстан жерінде дүниеге келген, осы жерде ғылыми еңбектерін атқарған, қазақ ғылымының басында тұрған тұлғалар туралы мәліметтер берілген. Белгілі ғалым, академик У. Х. Шәлекеновтың «Ғылыми еңбектер» деп аталатын туындысының төртінші томына Қазақстан археологиясы мен этнологиясына қатысты ұзақ жылдық зерттеу еңбектері енгізілген. Жинақ «Ежелден Түріктер отырықшы» және «Қазақ өркениеті» деп аталатын екі кітаптан тұрады.

Қазақ ғылымының биік шыңы, қазақтың атын әлемге танытқан, Қазақстан ұлттық Ғылым Академиясының іргетасын қалаушы  Қ. И. Сәтбаевтың өміріне арналған жазушы М. Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» роман-эссесі, «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясы, Қ. Сәтбаевтың 5 томдық таңдамалы шығармалар жинағы ғалымның ерен еңбегі жайлы сыр шертеді.

Сонымен қатар Қазақстан ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Өнегелі өмір» сериясы бойынша жарық көрген Хасан Ибраш, Әлия Бейсенова, Қайыр Жұбанов, Дмитрий Сокольский, Фатима Полымбетова т.б. қазақстандық ғалымдарға арналған кітаптар ұсынылды.

Көрмеден баспасөз беттерінде жарық көрген ғылыми мақалаларға да орын берілген.  «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналының 2020 жылғы №6 санына жарық көрген Д. Б. Ешенқұлованың «Оқушылардың өздік оқу іс – әрекетін ғылыми – әдістемелік басқару», №5 санындағы Н. С.Алғожаеваның  «Мектеп саясаты – білім беру сапасын жоғарлатудың бір жолы ретінде» атты  мақалалары бүгінгі күннің өзекті мәселелері жайлы ой толғайды.

Келешек қазақстандық ғалымдардың бой түзеп қалыптасуы, алдыңғы буынның асқарлы асуларды бағындыра білген ерен еңбектері кейінгі буынға үлгі-өнеге, әрі барлық қазақстандықтар үшін мақтаныш пен абырой болып табылатыны айқын.

«Қазақстан ғылымының көкжиегі кеңейе берсін»,- деп тілек айтайық!

 

Оқу залдар бөлімінің кітапханашысы:  Айтбаева К.Т.