Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі ресми тарихи-ғұмырнама жанрында алғаш рет зерттеліп, "Деловой мир Астана" баспасынан "Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян" кітабы жарық көрді. Кітапта оның қарапайым ауыл баласынан Ұлт көшбасшысына дейінгі жүріп өткен жолы баяндалады. Президент Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, көрнекті публицист Махмұт Қасымбеков жетекшілік еткен шығармашылық топ Елбасытану саласында орасан зор ғылыми жұмыс атқарған.
"Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірбаянына деген жұртшылық қызығушылығының жоғары екенін ескерер болсақ, мұндай басылымға сұраныстың пісіп-жетілгеніне көп болған еді. Оның үстіне, бүгінгі таңда Елбасына арналған материалдар мен жарияланымдардың көпшілігінде жекелеген оқиғаларды, деректер мен даталарды суреттеу мен құбылтып баяндауда көптеген өңін айналдырып берушілік пен қарама-қайшылықтар бар көрінеді. Сол себепті, даусыз деректерге әрі баға беріп, пікір айтуды мейлінше азайтуға сүйене отырып, баяндаудың суреттеу-мәлімдеу стилін негізге алу арқылы, соларды бір ізге түсіруге талпыныс жасалды", – дейді кітап құрастырушылар.
"Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян" атты деректі еңбектен әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткерінің саяси тұлғасымен бірге соғыстан кейінгі ауылдың қиындығында ысылған, домна пешінің аптабында шыныққан, туған елімен астасып кеткен азаматтың әрі таныс, әрі ыстық бейнесін көресің. Ешкімді бей-жай қалдырмайтын ақиқат деректер күреске толы қайсар өмірдің тарихқа айнала бастаған толғақты сәттерін көз алдыңа жайып салады. Ойландырады, толғандырады, жігерлендіреді, - дейді А.Смайыл кітаптың баспадан шығуына орай жазған мақаласында.
Бұл кітап Елбасының жастық шағынан бастап кемел жасқа дейінгі өмірінің ғұмырнамасы, өмірі мен қызметі Тәуелсіз Қазақстан тарихынан ажырамас бүгінгі Ұлт Көшбасшысының тұлғасы тарихи деректермен, мұрағаттық құжаттармен дәлелденіп отырады. Оны әзірлеу барысында Орталық мемлекеттік архивтің, Президент Архивінің, Тұңғыш Президент Мұражайының, Президент Әкімшілігінің, Қарағанды облысы мемлекеттік архивінің, Теміртау қаласы мемлекеттік архивінің, Алматы облысының Қарасай ауданындағы тарихи-өлкетану мұражайының қорларындағы архивтік құжаттарды зерттеу жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілген.
Құрылымдық жағынан кітап 12 тараудан тұрады, олардың әрқайсысы бас кейіпкер өмірбаянының белгілі бір кезеңін қамтиды.
Кітаптың басты құндылығы мен ерекшелігі - фотосурет материалдарымен бірге, Н.Ә. Назарбаевтың жеке құжаттарының көшірмелері, өз қолымен жазған мәтіндері және түстік гаммасы бойынша түпнұсқаның өзін дәлме-дәл қайталайтын нұсқаларының арнайы қалталарда қосымшалар түрінде берілуінде. Кітап беттерін парақтай отырған оқырманға Президенттің мектеп үлгерімін айғақтайтын аттестаты, Қарағанды металлургиялық зауытында істеп жүрген кезіндегі жұмыс бабындағы жазбалары, белсенді саясаткер ретінде жеке күнделігіне жазған ойлары мен толғамдары, Конституцияның нұсқасын жасау барысында жеке қолымен жазған ескертпелері, Астананы бүгінгі күні көркейтіп тұрған бірнеше ғимараттардың эскиздері сияқты және т.б. да құжаттамалық қосымшалар баспагерлер тұрғысынан ұтымды ұсынылған.
Оқырман назарына Елбасы өмірінің қызық жақтары мен белгісіз деректері де ұсынылған, олар Президенттің қай кезеңде, қай ортада өскені, көшбасшылық қабілеттерінің шынығу жолдары мен осы қасиеттерінің дамуына ықпал еткен өзіндік күш-жігерінің шыңдалу жолын анық аңғаруға мүмкіндік береді.
Өмірбаянда сондай-ақ, Мемлекет басшысының қызметтік лауазымдарының, ғылыми дәрежелері мен атақтарының, құрметті дәрежелерінің, наградаларының, кітаптарының, маңызды мақалалары мен сөздерінің тізбесі де берілген.
Аталған кітапты Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қорынан алып, парақтап, толығырақ танысуыңызға болады.