Қорымыз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған "Тәуелсіздік толғаныстары" сериясымен түрлі сала бойынша жарық көрген бірнеше автордың әдебиеттерімен толықты. Бұл серия жазушы-журналисттердің шығармаларының арқауы қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бері әлемдік өркениетке қосылып, қоғам орнатудағы жеткен жетістіктері туралы. Белгілі тұлғалардың рухани қазынаға қосқан үлестері жайында.
Атап айтсақ, Көлбай Адырбектің "Тәуелсіздікке талпыныс", Айтбай Сәулетбектің "Қамшысөз", Көсемәлі Сәттібайдың "Менің елім", Марат Тоқашбаевтың "Жан дауыс", Рысбек Үркімбайдың "Елі үшін еміренгендер", Әлсейіт Оспанның "Сезім сәулесі", Серік Пірназардың "Парасат пен пайым" кітаптары.
Адырбек, К. Тәуелсіздікке талпыныс : публицистикалық мақалалар / К. Адырбек. – Алматы : Айғаным, 2016. – 380 б.
Белгілі журналист, қаламгер Көлбай Адырбектің бұл жинағына еліміздің тәуелсіздік алуына баспалдақ болған, XX ғасырдың соңғы репрессиясы – Желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ азаматтары туралы ешбір боямасыз, егжей-тегжейлі нақты мәліметтер мен деректер енгізілген.
Сәулетбек, А. Қамшысөз : публицистикалық мақалалар / А. Сәулетбек. – Алматы : Қаламгер, 2016. – 342 б.
Публицист, жазушының бұл жинағына тәуелсіздік жылдарында жазылған қазақтың ақын-жазушылары, танымал тұлғалары туралы, сан алуан жанрдағы публицистикалық жазбалары, зерттеулері, әдеби дүниелері топтастырылған.
Сәттібай, К. Менің елім : публицистикалық мақалалар / К. Сәттібай. – Алматы: Нұрсәт, 2016. – 396 б.
Белгілі жазушы-журналист, публицист Көсемәлі Сәттібайдың ұсынылып отырған публицистикалық жинағында қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі тұстағы халықаралық аренада алған орны, әлемдік өркениетке қосылып, демократиялық қоғам орнатудағы жеткен жетістіктерін нақты мәліметтер мен жайлы кеңінен айтылады.
Тоқашбаев, М. Жан-дауыс : публицистикалық мақалалар / М. Тоқашбаев. – Алматы : Нұрсәт, 2016. – 380 б.
Қаламгердің жаңа кітабы ел мен жер тарихына қатысты публицистикалық еңбектерінен, зерттеу жұмыстарынан, соңында айта жүрерліктей із қалдырған тұлғалар туралы очерктерінен құрастырылған. Әлеуметтік мәселелер мен ұлт перзенттерінің сан тарау тағдыры – жинақтың басты тақырыбы.
Үркімбай, Р. Елі үшін еміренгендер : публицистикалық мақалалар / Р. Үркімбай. – Алматы : Нұрсәт, 2016. – 380 б.
Жинаққа қазақтың белгілі тарихшы ғалымдары мен мәдениет, әдебиет, өнер саласындағы қайраткерлермен болған сұхбаттар енгізілген.
Оспан, Ә. Сезім сәулесі : публицистикалық мақалалар, әңгімелер / Ә. Оспан. – Алматы : Айғаным, 2016. – 190 б.
Жазушы Ә.Оспанның бұл жинағына еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде жеткен толайым табыстары жайлы ой-толғаныстары, публицистикалық мақалалары, көркем туындылары еніп отыр.
Пірназар, С. Парасат пен пайым: публицистикалық мақалалар / С. Пірназар. – Алматы : Хантәңірі, 2016. – 400 б.
Бұл жинағына автордың бір топ публицистикалық туындылары еніп отыр. Еңбекте еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл көлеміндегі айшықты оқиғалар мен жеткен жетістіктер жайлы толғаныстары мен тебіреністері көркем тілмен баяндалады.
"Тәуелсіздік толғаныстары" сериясынан бөлек, қорымызға әр ғылым саласына байланысты жекелеген кітаптар да келіп түсті.
Ұлы даланың қорғаушылары = Хранители великой степи = A country of gret steppe : фотокітап / құраст. Б. Аяған. – Алматы : Тау-Қайнар, 2016. – 312 б.
Аталмыш фотокітап Қазақ хандығының құрылуының, тәуелсіз мемлекеттіктің тұғырнамалық негізі болып табылатын, Қазақстан аймағында өткен процестердің қалыптасуының тарихи сипаттамасы есебінде. Көркем суреттермен безендірілген кітап "Қазақ" этнонимінің шығу тегі, қазақ хандары, батырлары және Қазақстанның ортағасырлық қала мәдениеті сияқты тақырыптарды қамтиды.
Сүйінбике – ұлы дала аруы : танымдық-көпшілік басылым / құраст. Ш. Бейсенова, Ж. Әскербекқызы. – Астана : Фолиант, 2016. – 192 б.
Кітап Еуразия кеңістігінде атағы мен айбыны алысқа жеткен, азаттық жолында алғаш құрбан болған асыл ару Сүйінбике Жүсіпқызының 500 жылдығына арналған. Бұл еңбекте Алтын Орданың әйгілі әскербасы, атақты Едіге батырдың шөпшегі Сүйінбике ханым мен Көшім ханның жары Сүзге ханым жайлы, Алтын Орда тарихы, Қазақ хандығының құлауы, Сібір хандығы туралы деректі хикаялар жинақталып берілген.
Асанұлы, Ж. Ер Едігенің тарихы : монография / Ж. Асанұлы. – Алматы : Нұрсәт, 2016. – 190 б.
Монография атақ-даңқы дүние жүзіне мәлім Едіге батырдың шынайы тарихы, оның заманы, өкшелес ұрпақтары және "Едіге" эпосы туралы. Сондай-ақ, кітапта Едігенің Алтын Орда тарихына ықпалы туралы қарама-қарсы пікірлер де қатар берілген.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, аудармашы, қытайтанушы-ғалым, профессор Дүкен Мәсімханұлының 3 томдығы да біздің қорымызға қосылды.
Мәсімханұлы, Д. Таңдамалы : үш томдық / Д. Мәсімханұлы. – Астана : Фолиант, 2016. – 600 б.
Бірінші томға Дүкен Мәсімханұлының қазақ халқының ұлы жазушысы М. Әуезов пен қытай халқының классик жазушысы Лу Шүн шығармашылығын, XX ғасыр басындағы қазақ және қытай әдебиеттерін, аталған екі ұлы суреткер шығармаларындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық тақырыбын салыстырмалы әдебиеттану ғылымы тұрғысынан зерттелген "Мұхат Әуезов және Лу Шүн" атты монографиясы және Қытайдағы қазақтардың XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әдебиетін, оның ішінде поэзиядағы ұлт-азаттық идеяны арнайы қарастырып, "Жыр-Жебе" атты зерттеулері енгізілген. Кітап XX ғасыр басындағы қазақ және қытай қоғамын, оның саяси-әлеуметтік жағдайын, мәдениеті мен әдебиетін білгісі келетін жалпы оқырманға арналған.
Соңғы ширек ғасыр ауқымында еліміздегі қытайтану ғылымын қалыптастыру мен дамытуда еңбек етіп жүрген Д. Мәсімханұлының таңдамалы шығармаларының 2-3 томына, Аспан асты елінің тарихын, мәдениетінің даму кезеңдерін, діни наным-сенімдері, ұлттық салт-дәстүрлері, ежелгі түркілер мен қытайлардың қарым-қатынасы, жалпы әдебиеті туралы ғылыми тұрғыдағы зерттеу мақалалары енгізілген. Сондай-ақ, Қытай халқы туралы газет тілшілеріне берген сұхбаттары да 2-томда жарияланған.
Жамбыл : энциклопедия / бас. ред. Ж. Тойбаева. – Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 2016. – 616 б.
Энциклопедия XX ғасырдағы ұлы жырау, сұңғыла жүйрік, суырыпсалма жыршы, ақиық айтыскер ақын Жамбыл Жабаев хақында. Ақын бейнесі көптеген әдеби шығармалар мен өнер туындыларынан өз орынын тапқан, өлеңдері әлемнің ондаған тіліне аударылып, толық жинақтары мен жекелеген кітаптары бірнеше рет жарық көрген. Әйтсе де осы уақытқа дейін энциклопедиялық кескін-келбетін таппай келген тұлға туралы еңбек ақынның 170 жылдық мерейтойына арналып шығарылған.
Мұқағали Мақатаев : энциклопедия / құрастырған Б. Айдарова, Қ. Ботбай, Т. Рсаев. – Алматы : Қазақпарат, 2016. – 858 б.
Энциклопедия "Ғасыр ақыны" атанған, бүгінгі қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі М. Мақатаевтың мол мұрасының қауызын ашып, оның асыл дәнін оқырман қауымға барынша саралап көрсетуді мақсат еткен. Кітапта, сонымен қатар, ұлы ақынның өмір жолы, туған жері, үрім-бұтағына байланысты нақты мағлұмат беретін материалдар жүйесі жинақталған.
Бостандық жырының бозжорғасы / құраст. С. Сабырбеков. – Астана : Фолиант, 2016. – 480 б.
Ұсынылып отырған кітапта Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Несіпбек Айтұлы хақында әр жылдарда алдыңғы ағалары, кейінгі інілері, заманы бір қатарластарының қаламынан туған сүбелі сөздер мен шынайы толғаныстар топтастырылған. Тәуелсіздік шежіресін тереңнен толғап, бүтін бір батырлар галереясын жыр тілімен сомдап, "Бостандық жырының бозжорғасы" атанған ақынның сан қырын жарқырата ашқан жинақ көпшілік оқырманға арналады.
Сондай-ақ, жазушы Мәди Айымбетовтің 5 томдық шығармалар жинағының 1-2 томдары оқу залы қорын толықтырды.
Айымбетов, М. Таңдамалы шығармаларының жинағы : 5-томдық / М. Айымбетов. – Алматы : РПБК "Дәуір", 2016. – 494 б.
Кітаптың бірінші томына жазушының өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бүгінге дейінгі уақыт аралығында жарық көрген "Құла түздегі үнсіздік", "Той", "Кемпіршуақ", "Қасқыр иттің терісі", "Құлан елес" және тағы басқа да әңгімелері енгізілген. Әңгімелерде әртүрлі образдар арқылы адам әлемінің психологиялық, әлеуметтік сипаттағы тұтастай бір галереясы жасалған. Ал, екінші томына бүгінгі өмір мен бүгінгі қоғам тақырыбындағы "Тылсым", "Алабай-дода", "Өмір ойыны" сынды хикаяттар енгізілген. Жазушы қазіргі күннің шындығын – тәуелсіз елдің іргетасы қаланып жатқан заманның моральдық, әлеуметтік проблемаларын шиеленісті де тартысты оқиғалар арқылы көрсетіп, шығармаларына боямасыз, драмалық реңк берген. Бұл шығармаларда адам рухының мықтылығы, жеңімпаздығы мен ақыл-парасатының күрескерлік қасиеттерінің терең сипаты ашылады.
Смағұл, Б. Қолбасшы күнделігі = Дневник полководца / Б.Смағұл.– Алматы : Хантәңірі, 2016. – 456 б.
Бұл кітап елі емірене қадірлейтін, білімін – бағдар, өмірін – өнеге, тағдырын, талантын, тазалығын – тағылым тұтатын қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерінен құрастырылған. Б. Момышұлы қанша уақыт өтсе де, тот баспайтын, құндылығын жоғалтпайтын ақиқат-шындықты ұрпаққа шегелеп қалдырған.
Смағұл, Б. Тағдыр тозағы = Ад судьбы / Б. Смағұл. – Алматы: Хантәңірі, 2016. – 448 б.
Түрлі-түсті жапсырмалары бар Бақытбек Смағұлдың бұл еңбегі Ауған соғысына арқау болған арамдық пен әділетсіздіктің бетін ашып, қан-жоса іздерін, зор қиянатын әшкерелейді. Бұл кітапты оқыған адам бейбіт күннің қадірін біледі. Шығарманың құндылығы сол зұлматтың куәсі болған кейіпкерлердің баяндауымен, қаз-қалпында жазылғандығында. Туынды әскери прозаның биігіне шыққан шығармалардың бірі.
Қазақтың бата-тілек өсиеттері / құраст. Ж. Нұралиева. – Алматы: Балауса баспасы, 2016. – 384 б.
Қазақтың ежелгі салт-дәстүрлерінің бірі – бата-тілек білдіру, өсиет айту. Тілек білдірушілер өткір де шешен сөздерін шебер пайдаланып, тыңдаушылардың жүрек төрінен орын алып, жан дүниелеріне өшпестей із қалдырып отырған. Бабаларымыздың осындай асыл мұралары бүгінгі ұрпақ үшін пайдасы мол. Кітапта қазақтың жырауларының, би-шешендерінің өсиеттері мен бата-тілектері жинақталып берілген.
Нұрманов, А. Құланның ажалы : роман, хикаяттар / А. Нұрманов. – Алматы : Нұрсәт, 2016. – 380 б.
1916 жылғы А. Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілістің желісі бойынша жазылған "Құланның ажалы" романы Ел тәуелсіздігіңнің 25 жылдығына орай жарық көрген. Сондай-ақ бұл еңбекте жазушының бірнеше хикаяттары да берілген.
Бейсенбайулы, Ж. Чокан Валиханов / Ж. Бейсенбайұлы. – Астана : Фолиант, 2016. – 752 с.
Бұл кітап қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, этнограф, фольклорист Шоқан Уәлихановтың өмір жолынан сыр шертеді. Автор көп жылдар бойы танымал географ, шығыстанушының өмірі мен шығармашылығын зерделеп, ол аралаған жерлерге барып зерттеп, осы еңбегін жазған. Тарихи-биографиялық шығарма нақты материалдық фактілер мен тарихи, архифтік құжаттар негізінде жарыққа шыққан.
Бельгер, Г. Избранное / Г. Бельгер. – Алматы : RUAN, 2014. – 480 с.
Монографияға прозаик, аудармашы, публицист Герольд Бельгердің қазақтар және ресейлік немістердің азапқа толы өмір жолдары туралы магистральдық тақырыптағы шығармалары енгізілген.
Байлы, М. Илияда глазами тюрколога / М. Байлы. – Алматы : Жымпиты-Кеңтүбек, 2015. – 384 с.
Автор кітапта Гомердің поэмасындағы бас қаһарман мен ежелгі түркілерді, және қазақтың ерлік дастандарын салыстырмалы түрде қарастырған. Екі түрлі мәдениеттің әрбір деталінен өзара ұқсастық іздеп, Гомердің эпосын оқытуда жаңа әдістемелік жол тапқан.
Құрметті оқырмандар, біздің қорымызға келіп түскен кітаптарды алып оқимын десеңіздер кітапхана есігі әрдайым ашық. Келіңіздер! Оқыңыздар!
Серікжанова А.