Назар аударыңыз! Жақын арада кітапхана қоры жергілікті ақын-жазушылардың жаңа кітаптарымен толықтырылады.


Ақсұнқарұлы С.
     Қараорман: өлеңдер. - Алматы: Ел-шежіре. - 2012. - 384 бет.

Қазақтың айтулы ақындарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұнқарұлының «Қараорман» атты бұл жинағына кірген кез-келген өлең-жырынан өршіл рух, асқақ мұрат, шарболаттай суарылған жігер мен қайрат көрінеді. Ақынның өзі өмір сүріп отырған ортаға, қоғамға, табиғатқа деген ой- пікірлері, сыни көзқарастары өткір тілмен, образды суреттермен әдемі өрнектелген.

«Қараорман» қазағым, елім, жұртым деген әрбір оқырманды Отанды, ел мен жерді сүюге жетелейтіні сөзсіз.

    Әнші Әміре: Әміре Қашаубаев туралы естеліктер / құраст. Я.Амандықов. - Алматы: Білім, 2012. - 488 б.
Қолыңыздағы естелік кітап - әншілігі елден асқан қазақтың дарынды ұлдарының бірі, сонау жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ қазақ әншілік өнерін әлемге паш етіп, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түскен ән атасы Әміре Қашаубаев жайлы.

Бұл жинақ аскақ әншінің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы шығарылып отыр. Мұнда мемлекет, өнер, ғылым қайраткерлерінің, танымал ақын-жазушылардың және оның замандастары, шәкірттерінің естеліктері мен зерттеу мақалалары іріктеліп берілген. Олар әнші өмірінің қиын-қыстау кезеңі, беймәлім қырлары, оның теңдессіз орындаушылық шеберлігі, әртістігі жайлы тереңнен сыр шертеді. Сонымен қатар аталмыш жинаққа Әміреге арналған туындылар мен оның орындауындағы бірқатар әндер енгізілді.

Кітап әншіні ардақ тұтар әнсүйер қауымға және көпшілік оқырманға арналған.

Бексейіт С.
    Дүрия дүние: жыр кітабы - Астана: Астана-полиграфия, 2012 - 480 бет.

Дарынды әрі жаңашыл ақын Сәбит Бексейіттің «Дүрия дүние» жыр кітабына соңғы кезде жазған өлендері мен толғау- дастандары топтастырылды.

Космологтар бүкіл ғаламды ұстап тұрған тылсымды тін- ді «қара материя» десе, ақын оны поэтикалық тілмен «дүрия дүние» дейді. Түрі мен мазмұны астасқан ол жырлардан уақыт пен кеңістік, күнді айналу мен күлге айналудың арасындагы лапылдаған өмір, күйіп-жанған ғалам, сырлы сұлулық пен асыл шындыққа іңкәрлік, адамзат арманы туралы сыр шертетін интеллектуалды поэзиямен сусындай аласыздар.

«Дүрия дүние» - ақынның ізденіске толы сан қырлы шығармашылығын қамтитын жыр жинағы.

      Біртуар: академик Евней Бөкетов туралы естеліктер / құраст. Қ.А. Бөкетов , М. Хасен. - 2-ші басылымы. - Алматы: Білім, 2012. - 288 бет. + 12 бет фото.

Бұл кітапта даңқты ғалым, жүйрік ойлы жазушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, ірі қоғам қайраткері Евней Арыстанұлы Бөкетов туралы естеліктер жинақталған. Олардың көпшілігін Евекеңмен қызметтес болған ғалымдар, ақын - жазушылар, қоғам қайраткерлері, біразын азаматты көрген, тілдескен, адамдар жазған. Олар дарынды тұлғаның толассыз ізденістері, тұңғиық терең толғаныстары жайлы сөз қозғап, зерделерінде сақталған сәттерді жаңғырта отырып, аса биік құрметпен еске алады. Бұл кітап тек өз мамандығының ғана емес, бүкіл ғылымның досы, қорғаушысы бола білген академик Евней Бөкетовтің ғалымдық, шығармашылық, қоғамдық, ұйымдастырушылық еңбегін, зор талантын, адамгершілік рухани келбетін, қасиеттерін көпшілік қауымға танытары сөзсіз.

Ержанов М.
    Естелік мақалалар. - Алматы: Өнер, 2012. - 288 бет.

Қазақстанның халық артисі, әйгілі әнші, өнер қайраткері - Манарбек Ержановтың 110 жылдық мерейтойына орай шығарылып отырған бұл кітапта - зор талант иесінің өскен ортасы, өмірі мен шығармашылығы және соңына қалдырған өнегелі сара жолы жайлы сыр шертетін, ізбасарлары мен әріптестерінің, ұрпақтарының бұрын баспа, басылым беттерінде жарық көрген деректі әңгімелері мен қызықты естеліктерге толы шығармалары топтастырылып берілді.

Кітап зерттеушілерге, өнер оқу ордаларының студенттеріне, жалпы, өнер сүйер қауымға, көпшілік оқырмандарға арналады.

Жүністегі К.
      Едіге [Тарихи роман] -  Астана: Нұра-Астана, 2012.-408 бет. - (Проза. Жаңа заман әдебиеті)

Бұл роман аңыз-әңгімелер, әр елде сақталған дастандар, архив материалдары мен зерттеулердің нәтижесінде туған көркем шығарма. Шығармадағы Ер Едіге, Аңдысық Сыпыра жырау, Мамай, Тоқтамыс, Әмір Темір, Нұралы, Ноғай, Витовт, Василийлер тарих сахнасында болған адамдар.

Автордың бұрын жарық көрген «Құба белдер» трилогиясы, «Соңғы Абыз» романы, «Дос көңілі», «Көксеу», «Көксеңгірдің тасында», «Көне хикая», «Қоңыр құлжа», «Шырағдан» атты повестер мен әңгімелер жинағы кезінде оқырмандардың жоғары бағасын алған. Қаламгердің әңгіме - хикаяттарының бір тобы «Вожак» деген атаумен орыс тілінде жарық көрген.

Романның тілі көркем, тартымды.

Ләмбекұлы С.
    Қарқаралы. - Астана: Фолиант, 2011. - 280 бет. - («Менің Отаным - Қазақстан» сер.).

Азаттық айқасында жылдап емес, ғасырлап қилы күй кешкен қазақ даласының тағдырлы тарихы тәуелсіздік алғалы ғана ақиқатын аша бастады. Шежіре шерткен сыр құлақ құрышын қандырғандай екен. Осындай шежірелі өлкенің бірі - Сарыарқаның алтын алқасындай Қарқаралы. Жер асты мен жер үстіндегі байлығымен тамсандырып, сұқтандырып, аңдасқан да, арбасқан да, әрі ерікті, әрі еріксіз сеңдей соғысып, семсердей сілтенген күштердің алаңы болған Қарқаралы баяны кім-кімді болсын бейжай қалдырмайды. Қарқаралыда туып, Қарқаралының өткеніне үздіге зер салып өткен қаламгер Сапарғали Ләмбекұлы сол мол шежірені тереңдей тарқатуға тырысыпты және сол үдеден шыққандай.

Еңбек көркемдігімен де, ғылыми-танымдық ұстанымы мен де тартымды. Сондықтан ол ғылыми ортаға да, қалың көпшілікке де қызықты болар деп ойлаймыз.

Мұстафин Ғ.
  Өмір белестері: Әңгімелер,очерктер,ой-пайымдар / құраст. Ш.Рақымбекова. - Алматы: Ана тілі, 2012. - 424 бет. - (Мерейтойлық әдебиет).

Көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Ғабиден Мұстафиннің 110 жылдығына арналған жинаққа автордың дәуір бейнесін бар болмысымен баяндайтын туындылары беріліп отыр.

Оқырман бірінші бөлімнен қаламгердің шығармашылық жолдағы алғашқы туындылары — өзі өмір сүрген ортаның тынысы мен тұрмысы жайындағы әңгіме –очерктерімен, екінші бөлімнен әдеби өмірдің әр кезеңінде өрілген өрнекті толғамдарымен, өрелі ой - пайымдарымен танысады.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Сәтбаев Қ.
   Энциклопедия / бас. ред. Б.Ө. Жақып. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011. - 664 бет. + 40 бет. түрлі түсті суретті жапсырма.

Энциклопедия қазақтың аса көрнекті ғалымы, қазақстандық геология мектебінің негізін салушы, Ұлттық Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі оның тұңғыш президенті, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан және КСРО Ғылым академияларының толық мүшесі, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми және қоғамдық - қайраткерлік өмір жолына арналған. Энциклопедияда геолог - ғалымның туып - өскен ортасы мен дүниетанымының қалыптасуы, бай ғылыми – энциклопедиялық мұрасы мен білімі, мемлекеттік - қайраткерлік қызметі мен оның сан алуан шығармашылық және практикалық еңбегі бар қырынан қамтылған.