Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қоры тек қана облыстық ақын-жазушылардың кітаптарымен ғана емес, қазақ әдебиетінің құнды туындыларымен де толығуда. Сондай-ақ кітапхана қорында Қазақстанға белгілі қаламгерлердің арнайы сыйға тартқан шығармалары да бар. Соның бірі - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А. Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы, сатирик, жазушы, драматург Баянғали Әлімжановтың лебізін білдіріп, қолтаңбасын қалдырған 12 томдық шығармалар жинағы, "Деген екен" және орыс тіліндегі "Сказ столетнего степняка" атты кітаптарының барын үлкен мақтанышпен айта аламыз.
Осы кітаптар жайлы толығырақ мағлұмат беретін болсақ көп томдықтың бірінші томына өміршең өлеңдері мен поэмалары жинақталса, екінші томына бірқатар облыстық, республикалық театрлардың сахналарында қойылып, талғамы биік көрерменнен өзінің жоғары бағасын алған таңдаулы пьесалары енгізілген. Кітабының үшінші томына прозалық туындылары топтастырылып, төртінші томы – өлең, дастан, толғаулары, ән сөздерімен толықты. Бесінші томда тарихи драмалары, комедиялық пьесалары мен балаларға арналған пьесалары, алтыншы томына бақ сынаған айтыстарының бүгінгі күні сақталып қалған нұсқалары, жетінші томына арнау өлеңдері мен ел айызын қандырған "Деген екендері" енгізілген. Сондай-ақ, сегізінші томында балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелері, пьесалары, тоғызыншы томы киноповестері, әңгімелерімен толыққан. Орыс тілінде жазған шығармалары оныншы томына енгізіліп, он бірінші, он екінші томдарында туған өңірінің, еліміздің белгілі тұлғалары, жақсы-жайсаңдары туралы ой-толғаныстары мен деректі әңгімелері, әр жылдары газет-журналдарда, кітаптарда жарық көрген жазушының өмірі, шығармашылығы жайындағы көптің пікірлері мен рецензиялары , әдеби портреттер мен зерттеу мақалалары бар.
Қалың оқырманға жол тартқан шығармаларының бірі – орыс тілінде жазылған "Сказ столетнего степняка" атты туындысы. Бұл туындысында жазушы ғасыр жасаған дана қарияның өмірін арқау етіп, қазақ-неміс халықтарының достығы жайында шынайы суреттеген.
Сонымен қатар жазушының "Деген екен" кітабында өмірден туған, табан астында тауып айтылған өлеңдері мен қысқа да нұсқа сөздері жинақталған.
Осындай қызықты, танымды, мағыналы, рухани адамгершілікке үндейтін кітаптарды сыйға тартқаны үшін қаламгер ағамызға алғысымызды білдіре отырып, шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілейміз!