Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлы – полковник, ҚР Ұлттық гвардиясының «Орталық» аймақтық  қолбасшылығының 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары. Отан үшін отқа түсуге даяр полковник Үмбетовтің шағын отбасы бар. Зайыбы Гүлмира екеуі Ұлан есімді болашақ батырды тәрбиелеп отыр. Полковниктің өзі де әскери адамның отбасында өскен. Қазіргі уақытта Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінде тыңдаушы болып жүрген бауыры, подполковник Азамат Үмбетов екеуі әке салған сара жолды таңдаған.

Бүгінде құрметті еңбек демалысында жүрген әкесі Жарылғасын Сәттібайұлы ішкі әскерлер қатарында ұзақ жыл абыройлы қызмет етті. Жұмыс бабымен сонау Ресейдегі Ленинград қаласында (қазіргі Санкт- Петербург) қызметін өтеді. Одан кейін Ташкент облысына ауысып, қызметін Шыршық қаласында жалғастырған. Міне, біздің кейіпкеріміз Қайрат Үмбетов осы қалада дүниеге келген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бала кезінен әскери қызметкер болуды армандағаны түсінікті еді. Шыршық қаласындағы жоғары танк басқару-инженерлік училищесін 1998 жылы бітіріп, әскери қызметте алғашқы қадамдарын жасады. Еңбек жолын рота командирлігінен бастап, бүтін бір әскери бөлімнің штаб бастығы қызметіне дейінгі аралықты өзінің бойындағы қабілеті мен адал еңбегінің арқасында жүріп өтті. Қызмет ете жүріп, білімі мен біліктілігін қатар жетілдіруге де мән берді. 2009 жылы Щучье қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетін тәмамдады.

Қарабас елді мекенінің түбінде кезекті әскери жаттығулардың бірі өтіп жатқан. Бұл жолы әскерге келгендеріне 10 ай болған сарбаздар граната лақтыру жаттығуын орындау үшін сапқа тұрды. Бұған дейін олар автоматтан, тапаншадан талай рет оқ атып, жауынгерге ауадай қажет  машықтарды әбден меңгерген еді. Енді қаһарлы қару - жарылғыш снарядты лақтырып үйрену қалған болатын.

Тізім бойынша ең бірінші болып РГД-5 гранатасын қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов қолға алды. Әскери жаттығуға жауапты №6505 әскери белімнің штаб бастығы, полковник Қайрат Үмбетов, әдеттегідей, қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауға алған. Тәртіп бойынша, сарбаз мұздай құрсанып, сауыт киінген. Сардардың үстінде де оқ өтпейтін кеудеше, басында құрыш каска.

Пәрмен берілген соң қатардағы жауынгер қол гранатасын құлаштап тұрып лақтырған. Алайда, аждана қаруды қолына алғаш алған сарбаздың абдырап қалғаны соншалық, ол гранатаны алысқа емес, аспанға қарай лақтырған еді. Қырсық шалғанда, жарылғыш қару ауада желдің қарсылығына тап болып, шыр айналып келіп, әскерилерше айтқанда, брустверге - окоптың жиегіне үйілген топыраққа құлап, одан домалап барып сарбаз бен сардар тұрған жерге топ ете қалды.

Осының бәрі қас-қағым сәтте болған еді. Гранатаны лақтырғаннан кейін, тәртіп бойынша, сарбаз тұрған жерінде отыра қалуы керек. Алысқа лақтырдым деп ойлаған Сұлтанқұлов автоматын құшақтап, окоптың ішіне жүресінен отыра кеткен болатын. Әлбетте, ол гранатаның окоп ішіне, тура табанының астына түскенін білген жоқ. Ал полковник болса, бәрін де көріп тұрған...

Граната жерге түскеннен кейін 3-4 секунд ішінде жарылуы тиіс. Осы ой санасын шабақтап өткен полковник шалт қимылмен секіріп барып, сарбаздың үстіне құлай кетті. Іле қара жерді қақырата граната да жарылған.

Полковниктің үстіндегі сауыттың парша-паршасы шықты. Екі аяқтан жан кеткен тәрізді: шыбын жанын шырқыратып сансыз ине сұққылап-ақ жатыр. Есін Абай қаласындағы ауруханада жиды. Алғашқы сұрағаны: «Сарбаз аман ба?» - болды. Дәрігерлер болса, шұрқ- шұрқ тесілген сауыт кеудешені, сау жері жоқ екі аяқты көріп, жағаларын ұстаған...

Дәрігерлер Қайрат Үмбетовтің денесіндегі ірі жарықшақтарды түгел алып тастады. Ал оң аяғындағы - 16, сол аяғындағы - 12 және желке тұсындағы 3 жарықшаққа тиіспеді. Бұлар, енді, 7 сәуірдегі жарылыстан қалған естелік болып, полковник Үмбетовтің денесінде өмір бойы жүреді.

Абайдағы отадан кейін Қарағандыдағы Мақажанов атындағы ауруханада екінші мәрте операция үстеліне жатуына тура келді. Оң жақтағы жарықшақтардан кейін аяғы іріңдеп, жарасы асқынып кеткен болатын. Күрделі ота жасағаннан кейін барып беті бері қарады. Қазір ақырындап сауығып келеді. Әуелі арбашаға таңылды, одан кейін балдақ пен таяққа кешіп, бүгінде өздігінен жүретін халге жеткен. Ауруханада жатқанында өміріндегі алғыстардың ішіндегі үлкені - Ананың жылап тұрып айтқан ризашылығын естіп, батасын алды. Қатардағы жауынгер - аман қалған Сұлтанқұловтың анасы Жамбыл облысынан Қарағандыға құстай ұшып жеткен болатын. Айтпақшы, ажалдан аман қалған сарбазға бір ғана жарықшақ тиген екен...

Жақында полковник Үмбетов Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясына қатысты. Құрметті қонақтарға арналған алғашқы қатарда, тура Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсысында, қазақтың қаһарман ғарышкері Айдын Айымбетовпен иық түйістіріп отырды.

Жарақатынан айыққан полковник жақын арада қызметіне қайта кіріседі.

«Мен өзімді ерлік істедім деп санамаймын. Менің орнымда болса, кез келген офицер солай істер еді», - дейді...

 

https://www.astana-akshamy.kz/qajrat-umbetov-halyq-qaharmany-men-ony-erlik-emes-askeri-borysh-sanajmyn/

http://lenta.inform.kz/kz/zhas-sarbazdy-kutkargan-kayrat-umbetov-denemde-granatanyn-29-zharykshagy-kaldy_a3243823

https://strategy2050.kz/news/34831/

 

Әдебиеттер:

 

Аманқұлов Қ. Батырға - құрмет // Орталық Қазақстан. - 2016. - 7 мамыр (№ 74/75). – 3 б.

Әбілдинов Қ. Жауынгерді ажалдан құтқарған полковник // Егемен Қазақстан. - 2016. - 4 мамыр (№ 84). – 1,7 б.

Бейбіт күннің батыры // Орталық Қазақстан. - 2017. - 6 шілде (№ 74). – 2 б.

Ғалым Қ. Ұрпаққа үлгі ерлігі // Орталық Қазақстан. - 2018. - 4 тамыз (№ 85). – 3 б.

Қанафин Н. Батырлар - құрыш қалада // Орталық Қазақстан. - 2018. - 3 ақпан (№ 14). – 1 б.

Совет А. Ел қорғаны // Орталық Қазақстан. - 2017. - 28 қыркүйек (№ 107). – 1 б.