Махамбаев Ғабит Жанділдәұлы – жоғары білікті санаттағы нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты. Ғабит Жанділдәұлы еңбек жолын нейрохирург ретінде клиникалық ординатурада бастады. Жас маман 1996-1998 жылдары Қарағанды мемлекеттік         медициналық институтының жүйке дерттері кафедрасында тер төкті. Азды-көпті тәжірибе жинап, ысылған жігіт 1998 жылы Облыстық неврология және нейрохирургия орталығы нейротравматологиялық бөлімшесіне ауыстырылды. 2004 жылға дейін ординатор қызметін атқарды. Ал, 2004 жылдан бастап нейрохирургия бөлімшесіне жетекшілік етіп келеді.

Жылдар бойғы еңбек жолында Ғабит нейрохирургиялық дерттерді анықтау және емдеу, оларға ота жасау тәсілдерінің барлығын меңгерді. Күнделікті жұмыс барысында кенінен қолдануда. 2005 жылы Қазақстанда алғаш рет миға эндоскопиялық ота жасалды. Қарағандыда транссфеноидальды қол жеткізу арқылы гипофиз аденомасын эндоскопиялық тәсілмен алу, неврология кезінде өшкіл жүйкені микроваскулярлы әдіспен жаншылудан босату, омыртқа жарақаты кезінде, ісік, омыртқа туберкулезі пайда болған жағдайда омыртқаны транспедикулярлы, ламинарлы бекіту, Арнольд-Киари ауытқуы кезіндегі декомпрессивті ота жасау, омыртқа сынғанда және омыртқаның метастатикалық ісігі жағдайында вертебропластика жасау, ми, жұлын ісігіне, артериовенозды мальформацияларда, ми тамырларының артериалды аневризмасында микрохирургиялық оталар, омыртқааралық диск жарығы кезінде заманауи кедждерді ауыстыру арқылы микродискэктомия оталары атқарылды. Ғабит Махамбаев күрделі оталарды да сәтімен жүзеге асыруда. Ми және жұлын ісігін жою, жарақат алған және тамырлар ауытқуы дамуына, ми және жұлын қабынуына, ми және жұлын жарақатына, перифериялық жүйке жарақаттарына ота жасайды. Туабітті гидроцефалия, мидың ішкі қарыншалы ісігі, ішкі бас сүйек гематомасы сынды нейрохирургиялық патологияға эндоскопиялық ота жасауды тәжірибеге енгізді. Омыртқаны құрамдастырған спондилодезбен протездеу, заманауи имплантаттарды қолдана отырып бас сүйек дефектісін жоюға бағытталған пластикалық оталар жасау, омыртқа жүйесіндегі ісікті жойып, жаңа имплантаттарды қолдану арқылы протездеуді іске асырды. Талай жылдар бойғы еңбегінің арқасында Ғабаң жоғары санатты нейрохирург дәрежесіне ие болды. 2006 жылы «Үздік жыл дәрігері» байқауында облыс әкімінің III дәрежелі дипломын алды. 2007 жылы «Үздік жыл хирургі» атанып, облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды. Осы уақытқа дейін нейрохирургия саласы бойынша елуден астам мақалалар мен әдістемелік оқу құралының авторы. Ғабит Жанділдәұлы бөлімше қызметкерлерінен бөлек, науқастар алдында да абыройдан кенде емес. Жанды қинаған дертті емдеген ағамызға облыс тұрғындары дән риза. Еңбегімен ел алғысына бөленген жан.

Әдебиеттер:

Қанафин Н. Батырлар - құрыш қалада // Орталық Қазақстан. - 2018. - 3 ақпан (№ 14). – 1 б.

Қанафин Н. Еңбегімен абыройлы // Орталық Қазақстан. - 2017. - 25 шілде (№ 81). – 1 б.