Барлық дәуір мен барлық халыққа тән әлемдік өнердің өткені де, бүгінгісі де және болашағы да әрдайым ірі тұлғалардың шығармашылық жаңалықтарымен, олардың адами рухының биік деңгейімен байланысты. Осындай даңқты өнер адамдарының қатарында Қазақ ССР – інің халық суретшісі Айша Ғалымбаева да бар.
Айша Ғарифқызы Ғалымбаева 1917 жылы 29 желтоқсанда Алматыға таяу жерлегі Есік селосында туған. 1943 жылы Алматы көркемөнер училищесін бітірген соң, ол 1949 жылы Бүкілодақтық мемилекеттік кинематография институтында суретші-көркемдеуші мамандығын алып шығады.
А. Ғалымбаева творчествосының өзекті арқауы – қазақ әйелінің образы. Оның топтама, немесе жеке-дара сипаттағы, бір-бірімен сюжеттік байланысы жоқ суреттері мен портерттері тұтастай алғанда тақырып, образ, идея жағынан бір арнаға келіп құяды. Солардың бәрі сайып келгенде қазақ әйелінің характерін, оның советтік дәуірдегі сәнді өмірін, бақытты тағдырын бейнелейді.
Суретшінің, әсіресе, алпысыншы-жетпісінші жылдардағы туындылары ерекше назар аудартады. Олардың бәрінде дерлік республикамыздың өнері мен мәдениетінің жалпы табыстарынан туған үлкен творчестволық өрлеудің ізі жатыр. Бұл жиырма шақты жылдың ішінде А. Ғалымбаева кескіндеме өнерінің көптеген жанрында белсенді еңбек етті, сурет, портрет, пейзаж, натюрморттар салды. Кейде оның бір ғана шығармасында бірнеше жанрдың элементтері қабаттасып келеді, мұның өзі оның мазмұнын байытып, композициясын жетілдіре түседі.
Тағдырдың таңдаулы қызына өнердің құдіретін жаратқаннның өзі сыйлаған. Онда да тек кенепке жағар көп бояды ғана емес, күй көкірке тыныстар кең дүние – айналасын да әдемі жаратқан.
А. Ғалымбаеваның "Қаракөз" (1974) картинасында заттардың материалдық ерекшеліктері баса көрсетілген. Күнделікті қарапайым заттар натюрмортта маңызды сипатқа ие. Оның натюрморттары табиғаттың сұлу көркін аша отырып, суреткердің ой сезімдерін паш етеді. Сонымен қатар, Айша заттардың "жанын", сұлулығын түсінетін дарынды суретші екенін білеміз.
А. Ғалымбаеваның бұл өмірден алмаған сыйы, ардақталмаған атағы жоқ шығар. Алайда солардың арасындағы ең бастысы оның картиналарын тамашалаған көрерменнің көкірегінде күй болып шертілетін сұлулық пен қуаныш, адам жанына сондай іңкәр дүниені сыйлаған шығармашылықтың жасампаздық құдіреті.