15 сәуір кино және театр актрисасы, Қазақстанның халық артисі Роза Әшірбекова 80 жаста (1938 ж.)
Роза Әшірбекова – 1938 жылы 15 сәуірде Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданына қарасты Казгородок елді мекенінде дүниеге келген. Актриса, Қазақстанның халық артисі. 1991 жылы Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны Ә. Мәмбетов, пен Н. Жантөриннің жетекшілігімен бітірген. 1960 жылдан бастап Қазақ балалар және жасөспірімдер театрында қызмет атқарған.
Аталмыш театр сахнасында сомдаған Ләззат (Т. Ахтановтың "Махаббат мұңында"), Хадиша, Сейде (Ш. Айтматовтың "Арманым Әселім" мен "Бет-бетінде"), Шафақ (М. Кәрімнің "Ай тұтылған түнінде"), Мәншүк (Ә. Тәжібаевтың "Монологтарында"), Ұлбала (Ш. Уәлихановтың "Тағдырында", Гертруда (У. Шекспирдің "Гамлетінде"), Гиацинта (Мольердің "Скапеннің айласында"), Иветта (Б. Брехтің "Әйдік апайында"), Аркадина (А. П. Чеховтың "Шағаласында"), Клеопатра Льввовна (А. Н. Островскийдің "Адам аласы ішіндегісінде") секілді рольдер Роза Әшірбекованың шеберлігін танытты.
1980 жылдан әр жылдары "Ұлдың оралуы", "Майдан күндері" телефильмдеріне түскен. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Роза Әшірбекова // Қазақ мәдениеті: энциклопедиялық анықтамалық / бас ред. И. Н. Тасмағамбетов.- Алматы, 2005.- 102 б.
Қожахметова, М. Жүздеген рөл - бір тағдыр / М. Қожахметова // Егемен Қазақстан. - 2008. - 25 қараша. - 5 б.
Сығай ,Ә. Көзінің мөлдіріне кісі тұншығып өлгендей / Ә. Сығай // Жас Алаш. - 2004. - №50. - 5 б.
16 сәуір әнші, КСРО халық артисі Роза Үмбетқызы Жаманованың туғанына 90 жыл (1928-2013 жж.)
Роза Үмбетқызы – 1928 жылы 16-сәуірінде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Әнші, КСРО халық артисі. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1953 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрының әншісі. Отандық және классикалық партияларды орындап: Ақжүніс, Жібек (Е. Г. Брусиловскийдің "Ер Тарғыны" мен "Қыз Жібегінде"), Сара (М. Төлебаевтың "Біржан - Сарасында"), Ажар (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абайында"), Татьяна, Иоланта (П. И. Чайковскийдің "Евгений Онегині" мен "Иолантасында"), Мария Александровна (Ю. С: Ментустың "Ағайынды Ульяновтарында"; 1970 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған.
Қамар (Е. Рахмадиевтің "Қамар сұлуында"), Айсұлу (С. Мұхамеджановтың "Айсұлуында"), т. б. партияларды шебер орындады. Роза Жаманова гастрольдік сапармен көптеген шет елдерде болып, қазақ ән өнерін насихаттады. 17 жыл бойы Қазақ театр қоғамының төрағасы болды.
1968 жылдан Халықаралық Театр институтының мүшесі. Еңбек Қызыл Ту, Ленин және Халықтар достығы ордендерімен марапатталған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Роза Үмбетқызы Жаманова // Қазақ мәдениеті: энциклопедиялық анықтамалық / бас ред. И.Н. Тасмағамбетов.- Алматы, 2005.- 234 б.
Құрманбек, Е. Роза Жаманова - Ұлттық операның раушан гүлі / Е. Құрманбек // Мәдениет. - 2014. - № 12. - 20-21 б.
Роза Жаманова // Мәдениет. - 2013. - № 11. - 2-4 б.
Роза Үмбетқызы Жаманова // Егемен Қазақстан. -2013. - 28 желтоқсан. - 8 б.
3 сәуір композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Жексембекұлы Еркімбеков 60 жаста (1958 ж.)
Еркімбеков Серік Жексембекұлы - 1958 жылы 3-сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1996 жылы Алматы консерваториясын бітірген.
1981 жылы Қазақстан Композиторлар одағында кеңесші, шығармашылық сексиясының меңгерушісі болып қызметтер атқарған. 1998 жылдан Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы, Алматы консерваториясының кафедра меңгерушісі. Еркімбеков – "Мәңгілік алау" балетінің, оркестр мен фортепьяноға арналған концерттің, органға арналған "Шығыс аспаны", музыкасының, "Шолпы", "Тас аруақ", хореографиялық билерінің "Жұлдыздар аңыздары" аспаптық сюитасының, бірқатар романстар мен әндердің авторы. Бірнеше спектакльдерге атап айтар болсақ: "Дананың мұңы" Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған; "Заманақыр", "Анасын аңсаған қыз", "Миғұла терісі үстіндегі сот" т. б. мен кинофильмдерге "Андрей Первозванныйдың ордені" арнап музыкалар жазған.
Бүгінде Серік Жексембекұлы құрастырған "Отаным" атты жинаққа белгілі қазақ композиторлары жазған романстар мен әндер еніп отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Еркімбеков Серік Жексембекұлы // Қазақ мәдениеті: энциклопедиялық анықтамалық / бас ред. И. Н. Тасмағамбетов.- Алматы, 2005.- 221-222 б.
Майбас, Т. Ғаламшарды әлдиледі қаламшамен: [Қазақстан композиторларының музыка фестивалі] / Майбас, Т. // Орталық Қазақстан. - 2005. - 7 маусым. - 6 б.
Тойбек, Ж. Қарағандыға үлкен музыка келді: [Қазақстан композиторларының музыка фестивалі] / Тойбек, Ж. // Орталық Қазақстан. - 2005. - 4 маусым. - 3 б.