«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы 2004 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылуда. Бағдарлама халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды, зерттеу жүйесін құруды қарастырады.

Осыған орай, Сіздерді 2015 жылы аталып өтетін айтулы даталар ішінен Қазақстан мәдениет саласындағы мерейтой иелері туралы қорымыздағы әдебиеттермен таныстыруды жөн көрдік.

Жерлесіміз композитор, күйші, шертпе күй орындау шебері Тәттімбет Қазанғапұлының (1815-1862) туғанына 200 жыл.

Күй өнерінің үлкен белгісіндей, асқақ мұнарасындай қазақтың ұланғайыр өнеріне арналған белгілі ақынымыз Кәкімбек Салықовтың «Тәттімбет» поэмасы.

Поэма шағын бөлімдерден құралғандықтан қызықты оқылады.  Ақын дәулескер күйші Тәттімбеттің қиын да қасиетті тағдырын байланыстырып, өмір сүрген дәуірінің сырын аша білген. Жинаққа кірген басқа өлеңдер мен шағын поэмалар ән - күйге, сұлу саз өнеріне арналғандықтан жалпы табиғатымен ақынның алдына қойған мақсатын айқындай түседі. Жинақ жалпы жыр сүйгіш, күй сүйгіш, ән сүйгіш қауымға арналған.

 

Актер және режиссер, педагог, Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығыныңлауреаты, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі Құрманбек Жандарбековтің  (1905 - 1973 жж.) туғанына 110 жыл.

Құрманбек Жандарбековтің қойған әрбір операсы халық өмірін, оның бай ауыз әдебиетін, музыкалық мұрасын, ән байлығын терең түсінетіндігімен, орыс, совет театрының бай тәжрибесін байыппен бойға сіңіріп пайдалана білу шілігімен ерекшеленеді.

Бүл кітапты құрастырған Рахымбай Сатаев қазақ өнерінің мақтанышы Құрманбек Жандарбековтің сан қырлы, сан салалы шығармашылық ғұмыры, өнерге деген өршіл құштарлығы, сарқылмас қайрат-жігері, өр шабыты көркем суреттеген. Өнерді қастерлейтін жұртшылық кітаптыоқи отырып, сүйсінері, өнеге алары сөзсіз.

Әнші, киноактер, режиссер, драматург, ҚазКСР халық әртісі, қазақ музыка театрының негізін қалаушылардың бірі Қанабек Байсейітовтің (1905 – 1979 жж.) туғанына 110 жыл.

Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында тарих сахнасына шыққан профессионалдық қазақ театрында көптеген жарық жұлдыздар бар. Солардың ішінде Қанабек Байсейітовтің да жанған жұлдызы алыстан көз тартады.

Халықтың қалың қойнауынан шыққан дарынды өнерпаздар ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ даласына театрды алып келді.Бойындағы бар өнерін туған халқының қажетіне жомарттықпен жұмсаған тума таланттар сахна өнерін көркейтіп, дамытты.Қалың оқырман қауымға арналған бұл кітапты құрастырушы Бексұлтан Нұржекеұлы сол таланттардың бірегейі, ұлттық опера өнерінің көшбасшысы, белгілі киноактер, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қанабек Байсейітов шығармашылығы және адамдық бейнесі суреттеген.

Ақын, әнші, композитор, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Нартай Бекежановтың (1890 – 1954 жж.) туғанына 125 жыл.

 Асқақ әнші, дүлдүл ақын, дарынды композитор Нартай Бекежановтың «Ән еркесі» кітабында белгілі өнер және әдебиет қайраткерлерінің лебіз пікірлері, сондай-ақ ақының бұрын жарияланбаған өлеңдері мен әндері беріліп отыр.

 Бұл кітап Шайтұрсын Әбдібаевтың құрастыруымен атақты әнші-композитор Нартай Бекежановтың жүз жасқа толу мерекесіне орай шығарылған. Жинақта Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, М.Көкенов сынды қазақ әдебиеті мен өнерінің белгілі қайраткерлері оның өмірі мен шығармашылығы, суырыпсалма ақындығы, өзіне тән қайталанбас өрнек дәстүрмен ерекшеленетін әншілігі, дүлдүл өнерпаздығы жайындағы естеліктерін ұсынады.