Төлеген Б. Ұлт жауһарлары: Фотоальбом. / Б. Төлеген. – Алматы: ЖК "InterBesCompany", 2016. – 200 бет. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде.
Қазақ халқының қолөнері – ерте заманнан бері атадан балаға мұра болып келе жатқан көне өнер. Сонау қазақ тарихымен бірге өсіп, біте қайнап келе жатқан өте бай қазына. Тарихын тереңнен тартқан қолөнеріміз дәстүр сабақтастығын ешуақытта үзбеген. Рухани мәні мен рухани құндылығын жоймай келеді.
Қазақстан жерінде асыл тастан, сүйектен, жүннен, ағаштан, қыштан, құнды металдан, былғарыдан, саздан – қару-жарақ, құрал-сайман,үй жиһазы, т.б тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, түрлі сәндік қолөнер туындыларын жасаумен қатар, оларды өздерінің дүниетанымына, эстетикалық талғамына сай әшекейлеп, безендіру ерте замандардан дамыған. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ қолөнерінің кез-келген саласы – қазақтың рухани, тарихи баға жетпес байлығы.
Зергерлік – өте ерте заманнан келе жатқан өнер. Оны барлық халықтар жоғары бағалап, ең қалаулы өнер етті. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін өздері жасап отырған бұйымдарға жие қолданды және оны ұқыптылықпен сақтап атадан балаға, ғасырдан ғасырға жеткізді. Үй кәсібі мен қолданбалы өнер бұйымдары – ат әбзелдері, киіз үй жабдықтары, нәзік оюланған үй жасау бұйымдары, ыдыс-аяқтар мен жиһаздарының түрлері, кілемдер, киіздер, сырмақта, текеметтер, кестелер, ши тоқыма бұйымдары, міне осылардың барлығы халықтың өнері сонау замандардан-ақ жоғары дәрежеде болғанын айшықтайды. Қазақ даласында аса шебер зергерлер болатын. Олар алтын-күміспен, алуан түрлі асыл тастармен ер жүген, пыстан, үзеңгі таралғы, өмілдірік,құйысқан секілді ер-тұрман түрлерін, сақина, білезік, сырға, алқа, шолпы, кісе - кемер белбеулер, түйреуіш, сәнді сәукеле әшекейлері сияқты ерлер мен әйелдердің әсем әшекей бұйымдарын жасаған.
Осы жоғарыда айтылған дүниелердің сан алуан түрлері Алматы қаласының ЖК "InterBesCompany" баспасынан жарық көрген "Ұлт жауһарлары" атты көрнекті фотоальбомда жинақталған. Сонымен қатар осындай қазақ халқының керемет қолөнер туындыларының біршама топтамасы жинақталған 2005 жылы "Мәдени мұра" бағдарламасымен жарық көрген "Қазақстанның көне зергерлік бұйымдары" атты мультимедиалық дискты назарларыңызға ілтипатпен ұсынамыз. Сіздерді мультимедиялық деректер қызықтырып, қазақ қолөнеріне деген көзқарасыңызды қалыптастыра түседі деген сенімдеміз.
Келіңіздер! Оқыңыздар! Көріңіздер!