Құрметті оқырмандар! Отан үшін от кешкен аға буын өкілдерінің жанкешті ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты бейне презентациясымен таныс болыңыздар.
30 наурыз күні Сарыжайлау кинотеатрында «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған жыр-толғауларын оқу мен әнін орындаудан кеш өтті.
Өлкетану әдебиеттері бөлімінің кітапханашылары жыраудың шығармашылығына арналған «Ұлы жырау ұлағаты» атты көрмесін ұйымдастырып, әдеби шолу жасады.
Әдеби шолуда ұлы тұлғаның өскен ортасы, дүние танымы, қайраткерлік көзқарасы, ұстанымы, келбеті, халқына қалдырған тағылымы, тәлімі жайында айтылды.
Қазақ жерінің, қазақ елінің ең сұрапыл қасіреті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасына 300 жыл толуына орай,25 сәуір күні кітапханамызда «Ұлы қасірет жылдары» атты тарихи сағаты өтті.
«Ұлы апат жылдары» - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен енген тарихи оқиға Ш.Құдайбердиевтің түсіндірмесіне сәйкес, «Жаяу-жалпы адамдардың ақ табан болғанша жүгіріп қашуы» делінген. Дәл сол жылдары қазақтың ең көне әні – жоқтау «Елім-ай» қазақ қайғысының символы ретінде дүниеге келді.
Шараның мақсаты – 1723-1727 жылдардағы Қазақстанның ең қайғылы кезеңінің тарихымен жастарды таныстыру, олардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру және қазақ халқының өткен тарихына құрмет көрсету.
Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға ұлы ағартушы, ұстаз, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған «Ұлы ұстаз ұлағаты» атты кітап бейнешолуын ұсынамыз!
Өмірдегі ең жақсы сыйлық – кітап. Бұл дәстүр кітапханамызда жақсы жалғасын тауып келеді.
КСРО білім саласының үздігі, 105 жасаған қарт ұстаз Шәукей Жұқановтың балалары кітапханаға «Тәбәрік», «Аманат» кітаптарын сыйға тартты.
Адамға деген мейірімге толы жүрегінде тұнған сыр естеліктерімен, ой-толғамдарымен бөліскен ұлағатты ұстаздың «Тәбәрік» кітабы көпшілік қауымға арналған.
«Әке аманатына деген адалдығымыз, парызымыз, борышымыз болып саналады деген оймен «Аманат» кітабын шығардық, бұл кітапта әкеміздің азаматтық ұстанымын, парасат-пайымын көрсететін көз тірісінде республикалық, облыстық, аудандық баспасөз беттерінде жарияланған жас ұрпаққа берер тәлімі мол мақалалары мен бата-тілектері жинақталған» - дейді қызы Гүлшара.
Құрметті оқырман қауым, өлкетану әдебиеттері бөлімінен алып оқуларыңызға болады.