Сөзі абызға, өмірі аңызға айналған, бір басына қазақтың бар өнерін сыйғызып, сегіз қырымен танылған Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына арналған  «Арқа даласы - Ақселеу әлемінде» өлкетанулық әдеби-марафоны аясында  «Мен оқыдым, Сізге де оқуға кеңес беремін» атты Қарағанды облысының кітапханашылары арасындағы буктрейлер байқауы өз мәресіне жетті. Бұл шара Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүзеге асты.

Байқауға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Қарағанды облысының кітапханалар жүйесінің қызметкерлері қатысты. Жас ерекшеліктері шектелмеді.

Ақселеу Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығын  инновациялық нысандар арқылы насихаттауды, кітапхана қызметкерлерінің шығармашылық потенциалдарын ашып көрсетуді, кітап оқуды алға жылжытудағы жұмыстың дәстүрлі емес әдістерін жүзеге асыру болып табылатын байқаудың Ережесі 2022 жылдың 10 сәуір күні жарияланған болатын.

Қатысушылар өздерінің дайын жұмыстарын, яғни бейнероликтерді арнайы белгіленген хештегтер (#karlib#Aqseleu80krg#Ақселеу80Қарағанды#booktrailerkrg) арқылы тек 1 күн ішінде, яғни 2022 жылдың 12 шілде күні әлеуметтік желілерге (YouTube, Instagram, Facebook) салды. Бұл бейнероликтер 4 ай бойы әлеуметтік желілер арқылы оқырмандар назарында болды.

Кітап оқудың маңыздылығына бағытталып, оқырманды әдебиетке баулитын байқауға өңіріміздің Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Шет аудандары мен Саран, Сәтбаев, Қаражал, Приозерск, Шахтинск қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінен және Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан барлығы 33 кітапханашыдан өтінім түсті.

Байқауға қатысушылардың жұмысын қазылар алқасы - Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, ф.ғ.д., ҚР Мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының маманы, ақын Қайрат Асқар, «Самғау» академиясының бейнеоператоры, мобилограф Мадияр Аманкелді бағалады.

Салтанатты рәсімде Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Дина Аманжолова құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана кәсібінің беделін арттыруға және дамуын ынталандыруға бағытталған байқаудың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Бір басына қаншама өнер мен қасиет-қабілетті сыйдыра білген Ақаңның шығармаларын оқуға шақыратын бейнероликтер жайлы қазылар алқасы өз пікірлерін ортаға салып, ой бөлісті.

Сонымен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып оза шапқан жүлдегерлер:

  • Арнайы дипломы және 35 мың теңге ақшалай сыйлығымен  «Аққыз» буктрейлері үшін Абай ауданының ОКЖ, Топар кенті кітапханашысы Ербаева Салтанат және  Қаражал қалалық ОКЖ,  №12 филиалының кітапханашысы Болатова Бағила
  • 3 орын дипломы және 70 мың теңге ақшалай сыйлығымен«Аққыз»  буктрейлері үшін Нұра ауданының ОКЖ кітапханашысы Махметова Арайлым  және «Күңгір- күңгір күмбездер» буктрейлері үшін Қарқаралы ауданының ОКЖ, Көктас№1 модельді кітапхананың кітапханашысы Күмісбаева Рымбала
  • 2 орын дипломы және 100 мың ақшалай сыйлығымен«Қазақ әлемі» буктрейлері үшін Бұқар жырау атындағы Шахтинск  ОКЖ кітапханашылары Токмаганбетова Карлыгаш, Сарсенбекова Аяулым, Руденко Елена   және «Рамазан мерген»  буктрейлері үшін Шет ауданының ОКЖ кітапханашылары Байдалин Дидар, Медеубекова Алтынай (топтық жұмыс)
  • 1 орын дипломы және 150 мың ақшалай сыйлығымен«Мир казахов» буктрейлері үшін Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК Абрамчук Елена  
  • Бас жүлде және 200 мың ақшалай сыйлығымен «Тауға біткен жалбыз» буктрейлері үшін Шет ауданының ОКЖ кітапханашылары Көпбаев Бақдәулет, Исатаева Айгүл  (топтық жұмыс)  

Бұдан бөлек байқау Ережесі бойынша ең көп қаралым жинаған буктрейлер «Көрермендер көзайымы» сыйлығына ие болды.

Бұл сыйлыққа әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған Бұқар жырау атындағы Шахтинск ОКЖ қызметкерлері ұсынған «Қазақ әлемі» бейнеролигі жеңімпаз болып, А.Сейдімбектің кітаптары табысталды.

Игі шарада Қ.Байжанов атындағы КБ әншісі, бірнеше халықаралық ән байқауларының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мұсайын Сержан Ақаңның ел ішіне кең тараған «Сарыарқа», «Дәурен-ай» әндерін орындап, тыңдаушыларды тәнтті етті. Тәттімбеттің күйі «Көкейкесті»  Күйші Елжас Кәрімов асқан шеберлікпен орындады.

Сонымен бірге оқырман назарына Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері, «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының мүшелері Қамыспай Тілеужан,  Ералы Ғани,  Нұртай Ерсұлтан, Рысқұл Нұрмахан  Ақселеу Сейдімбектің «Тауға біткен жалбыз» әңгімесінен үзінді оқып, жүлдегер атанған бейнероликтер ұсынылды.

Ақселеу Сейдімбектің мұрасы ешқашан өлмейтін, керсінше уақыт өткен сайын қазақтың ұлттық  ерекшеліктерін зерттеген тұлғалар үшін  құны арта беретіндігі осы шара айқындап берді деп атауға болады.

P.S. Құрметті оқырман қауым назарына! Жыл басынан өтіп келе жатқан «Арқа даласында – Ақселеу әлемі» атты өлкетанулық әдеби марафонының қорытынды кеші абыз тұлғаның туған күнінде, яғни 12 желтоқсан күні өтеді. Баршаңызды игі шараға шақырамыз.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева

Ай кітабы