Кітапханада кәсіптік оқыту Мектебі аясында 14 қазан күні «Қарағанды облысының кітапханаларында жастармен  жұмыстың жаңа тәжірибелері» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинардың мақсаты – жастар қауымын кітап оқуға тарту, ақпараттық  қызмет көрсетудің тиімді формаларын, әдістері мен технологияларын меңгеру, тәжірибе алмасу.

Аталмыш  семинарға облыстың қалалық, аудандық кітапханаларының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің  оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары шақырылды.

Кітапхана басшының орынбасары, Умбединова Гауһар Нұрланқызы сөз сөйлеп, жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуында кітапхананың рөлі зор екендігін атап өтті. Облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы А.К. Карашова кітапханаға жастарды тарту әдістері, формалары туралы айта отырып, осы мақсатта жүзеге асырылған облысымыздағы кітапханалардың жобалары мен іс-шаралары жөнінде ақпарат берді.

Сондай-ақ, жастарды кітапханаға тарта отырып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын қызығушылық клубтары жайында оқу залдары бөлімінің кітапханашысы С.Ю. Смирнов пен халықаралық әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы Е.Е. Мекежанов өз баяндамаларын ұсынды. Семинар қонағы «Ленивые читатели» клубының Қарағанды қаласындағы кураторы Н.К. Акмағамбетова клубтың ережелерімен, жұмыс барысымен таныстырып өтті.

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының маманы М.Х. Фахрутдинова жобалық қызметі туралы баяндады. Ал Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мамамны Д.М. Акпанбек ментальді картаны жасау жолдарын көрсетіп, халықаралық Bookring  жобасына Қазақстаннан алғашқы болып тіркелгендігі жайында айтты. Семинар бағдарламасы бойынша  Шахтинск қаласының ОКЖ С.Т. Малмакова жастардың кітап оқуына зерттеулер жүргізудегі тәжірибесімен  бөлісті.

Отырыстың пікір алмасу алаңына айналған тұсы «Жастар не оқиды? Қазіргі әдеби трендтер мен авторлар» атты библиоуақытта кітапханамыздың ОКД бөлімінің кітапханалық менеджмент секторының басшысы А.А. Аманжолова көпшілік жастардың арасында жоғары сұранысқа ие кітаптар тізімін ұсынды. Библиоуақыт барысында қатысушылар да өз кітапханаларында оқырмандар арасында көп оқылатын кітаптар туралы бөлісті.

Семинар соңында кітапханашыларға кітапханамыздың кітапхана ісін автоматтандыру бөлімінің жүйе технигі Е.А. Абрамчук виртуалды квестерді жасауға арналған онлайн ресурстар, кәсіби қызметке арналған пайдалы мобильді қосымшалар тақырыбында кеңес берді.

Семинарға қатысушылар іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға алғастарын білдірді.

 

                                                                                КДБ  кітапханашысы Ж.Т. Мукушева

Ай кітабы