23 қыркүйек күні сағат 11.00-де Қарағанды облысының кітапханалары Қазақстанның барлық өңірлерімен бірге алғашқы жалпы республикалық «KitapTime-2022» кітап фестивалін өткізді.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара көпшіліктің көңілінен шығып, нағыз Кітап мерекесіне айналды.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры алаңына фестивальға қатысу үшін 150-ден астам адам жиналды. Мерекелік алаңды «Оқуға ұсынамыз!» атты Әдеби киіз үйлері, «Қасым Баспа Үйі» және «Cocobee» сауда дүкендері ұйымдастырған «Мені өзіңмен ала кет!» кітап шопингі алаңдары ажарландырды. Жиылған қауымға шеберлік сыныптар өткізіліп, суретке түсу алаңдары жұмыс жасады.

 

Фестиваль қонақтарының аса қызығушылығын танытқан ЮНЕСКО көлемінде 150-жылдық мерейтойы аталып отырған ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Білімнің бас құралы – КІТАП» атты алаңы болды. Ұлы тұлғаның шығармаларынан ұйымдастырылған кітап көрмесінің қасына арнайы үстел қойылып, Ахаңның образын сомдаған кітапханашымен барлығы суретке түсуге асықты.

Мерекелік шара ұлы Абайдың білім жайлы монологымен ашылды. Абайдың образын сомдаған Абай қаласының мәдениет үйінің актеры А.Т. Қошубаев.

Әр адамның өміріндегі кітаптың алатын маңызы орны мен аймағымыздың кітапханаларының өлшеусіз еңбегі жайлы Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Қ. Жұмакенов сөздермен салтанатты түрде ашса, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қ. Асқар жыр шумақтарымен кітап мерекесіне шашу шашты.

Фестиваль облыстық Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының «Шесть точек вдохновения» атты кітабының тұсаукесерімен бастау алды.

Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Білімділер бәйгесі» атты зияткерлік викторина-ойынына  қаланың мектеп оқушылары мен студенттері  қатысып, өз білімдерін шындай түсті. Белсенді қатысушыларға кітаптар сыйлыққа берілді.

Поэзия сүйер көрерменге Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының «Бота» шығармашылық жастар орталығының жас мүшелері «QaraqandyParty» поэзия алаңында өздерінің сүйікті өлендерін оқып, барша көрерменді ерекше ықыласқа бөледі.

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы кішкентай оқырмандарға «Дос болайық кітаппен» атты ашық микрофон ұйымдастырып, «Киіз үй» этноконструкторын жинаудан шеберлік сыныбын өткізу арқылы бірге киіз үйді құрастырды.

Бүгінгі Қарағанды облысының кітапханалары алғаш рет өткізген фестиваль «Кітап оқу зиян емес, оқымаған зиян» деген ұстанымды дәлелдей алды.

Ай кітабы