Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның құрылғанына 30 жыл. Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылы елімізде Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының бірыңғай жүйесіне кiретін және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған ҚР Ұлттық ұланы құрылған болатын. Ұлттық Ұланның қатарында қызмет ету көптеген жастар үшін құрмет. Мақсаты - мемлекеттік әскери шараларды және мемлекеттік объектілерді қорғауды, шетелдік делегацияларды қарсы алуды және шығарып салуды және басқа маңызды шараларды орындайды. Ұлан әскерлері өздерінің саптық бой түзеу мен шеберліктерін көрсетеді, бұл арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің айбындылығын бейнелейді.

Осы орайда, кітапхананың оқу залдары бөлімінде «Тәуелсіздік Туы астында» көрме-викторина өткізілді. Шараға Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Ж.Бигельдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық әскери мектеп-интернатының тәрбиешілері қатысты.

Көрменің мақсаты: Өскелең ұрпақты Отанға, халыққа, елге, жерге деген сүйіспеншілік пен патриотизмге тәрбиелеу, өз ойларын еркін жеткізуге баулу, білімге құштарлығын арттыру, қойылған сұрақтарға нақты жауап беру дағдыларын қалыптастыру.

Көрме-викторинаның шымылдығы Кеңес Одағының батыры, жазушы Б. Момышұлының:

«Ешкім іштен батыр болып тумайды:

батырлық та, мінез секілді өскен орта,

көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады»,

- дегенқанатты сөздерімен ашылды.

Іс-шарада болашақ гвардияшыларға «Ұлттық ұланның» тарихы мен тағылымы турасында ауқымды мәліметтер, Отанымыздың қауіпсіздігін жанқиярлықпен қамтамасыз еткен әскери қызметшілердің ерлігі, батырлығы және адалдығы, жетістіктері жайлы әңгімеленді. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батырлары: Б. Момышұлы, Т. Бигелдинов, Ә. Молдағұлованың және т.б. Ұлы Отан Соғысына қатысқан батыр ұлдарымыз бен қайсар қыздарымыз жайлы сұрақтар қойылып қызықты деректер айтылды.

Б.Момышұлының «Ұлтын сүю - ұлтшылдық емес, ұлтжандылық» деген дәйексөзі жайлы пікір таласты. Бұл дәйексөздің мән-мағынасын дұрыс түсіну мақсатында жас сарбаздарға «Ұлтшылдық пен ұлтжандылықтың ара жігін ажыратуды білеміз бе?» деген сауал қойылды. Жас сарбаздар шараға белсенді қатысып, сұрақтарға жауап берді.

Іс-шара аясында шындық өмірдегі оқиғаға негізделіп түсірілген «Казбат» телесериалынан үзінді көрсетілді. 1995 жылғы 7 сәуірде ТМД-ның сыртқы шекараларын күзету кезінде, Тәжік-Ауған шекарасында орын алған Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің (қазіргі Ұлттық ұланның) ерлікпен қаза тапқан батыр ұлдарымыз бен әскери қызметшілер жайында, әсерлі үзінді қойылып, оларды еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланды.

Ұлттық ұланның жауынгерлік жолы туралы арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалып, жас сарбаздарға қазақ халқының даңқты батырлары туралы  әскери-патриоттық тәрбие беретін кітаптар мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған материалдар оқуға ұсынылды.

Кеш соңында кітапхана әкімшілігі атынан ҚР Ұлттық ұланының 30 жылдығының айтулы мерейтойымен құттықтап, әріптестік қарым-қатынастың жалғасына деген сеніммен Қарағанды Республикалық «Жас Ұлан» әскери мектеп-интернатының кітапханасына «Жеңістің өшпес шырағы» облыстық байқау аясында шыққан шығармалар жинағы және дәстүрлі республикалық Қасым Аманжолов оқулары аясында жарық көрген «Qasym» сериясының кітаптары, ал жас сарбаздарға С.Сматаевтың «Ұядан қияға ұшқандар» атты кітабы сыйға берілді.

Ел бірлігін бекем етіп, бар күші мен жігерін сарп етіп, ұлт намысын қорғап жүрген батыр ұландарымызды тәрбиелейтін Ұлттық Ұлан жасай берсін.

«Ел тілегі – ер тірегі, адал ұл ер боп туса - ел тілегі»,- деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, осы іс-шараға арқау болған жас гвардияшылар - Отан алдындағы анттарына адал болады деген сенімдеміз!

 

Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д.

Ай кітабы