Қасым қазақтың ұлы ақындарының бірі ретінде ұлттық поэзия тарихында мәңгіге қалды. Бейнелеп айтсақ, қазақ деген халықтың өз елінің құрылуына тарихта "Қасқа жолды" Қасым ханның үлесі қандай болса, қазақ поэзиясы тарихындағы Қасым ақынның алар орны да сондай.

Қазір де Қасым сөзі тозған жоқ, Қасым өлеңі ескірген жоқ. Қасым уақытпен үндесе алмай жатқан жоқ, Қасым – сол баяғы бір Қасым.

Ақынның дара дауысы, өршіл үні, қайталанбас қолтаңбасы қазақ руханияты үшін қастерлі мұра.

Қасым жырларының кәусарына қанған бүгінгі өскелең ұрпақ, талантты ақынның көсемсөз шеберлігі мен біртуар сазгерлігіне, рухы асқақ келбетіне тәнті болуда.

Бұған дәлел, жастардың бойындағы патриоттық сезімді нығайтатын, жаңа есімдерді анықтайтын, оларды жұртшылыққа таныстыратын бірегей жоба – ол Республикалық дәстүрлі "Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ" атты Қасым Аманжолов оқулары.

Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойы аясында шаһарымызда Қасым Аманжолов атында көше берілуі,  Қасым үйінің ашылуы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанынан "Қасымтану" орталығының өз жұмысын бастауы, "Қасым әндері" атты аудио-жинақтың шығуы, ақынның жеке тектік архив қорының ашылуы Қасым рухына деген ерекше құрмет.

 Осы игі істердің жалғасы ретінде Қасым оқуларының алатын орыны ерекше.

Қара өлеңнен дауыл тұрғызып, жырсүйер қарағандылықтардың мерейін асырған Республикалық  ХІ дәстүрлі "Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ" атты Қасым Аманжолов оқулары қазан айының 5-6-сы  күндері өтті.

Жалпы бұл байқауға 18 бен 35 жас аралығында "Дүниеге келер әлі талай Қасым..." поэзия байқауы және "Жас дәурен" вокалдық байқауға Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Алматы, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы және Польша мемлекетінен  барлығы 118 үміткер қатысты.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған бұл дүбірлі додада 20 жүйрік 5 қазан күні "Шалқыма" концерт залында және облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өзара бақ сынасты.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған Қасым Аманжолов оқуларына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, "Қасым" республикалық әдеби - қоғамдық журналының Бас редакторы, жазушы Серік Сағынтайазылар алқасының төрағасы), "Құрмет орденінің иегері, "Абай әндері", "Қасымның әндері-ай" атты концерттік жобалардың авторы әрі жетекшісі, әнші - Гүлбаршын Тергеубекова (Алматы қ.), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік "Дарын" Жастар сыйлығының лауреаты, ақын - Ерлан Жүніс (Нұр-Сұлтан қаласы), Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы - Гүлнарайым Қаңтарбекова, "Құрмет" орденінің иегері, республикалық, халықаралық байқаулар жеңімпазы, әнші Сержан Мұсайын қазылық етті.

6 қазан күні игі шара Қасым Аманжолов көшесінің төрінде орналасқан жыр сүйер қауымның ақын рухына тәу етер жеріне айналған Қасым  ескерткіші алдында тағзым ету рәсімінен басталды.

Бұл салтанаттың тізгінін ұстаған Арқаның азулы ақыны  Руслан Нұрбай өзінің жалынды жырын оқып, жиылған қауымды дүр сілкіндірді.

Елордадан келген қонағымыз ақын Ерлан Жүніс жиылған жұртты ақынның тойымен құттықтап, өзінің ыстық лебізін жеткізсе, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, "Арқа ақшамы" газетінің Бас редакторы Жанат Жаңқашұлы Қасымның ақындық өмір жолы қысқаша баяндады. "Орталық Қазақстан" газетінің тілшісі Жәлел Шалқар өлең оқыды. Ақынның дүбірлі тойында әке есімін ұлықтап, арнайы ат терлетіп келген Қасым ақынның ұрпақтары, шөбере қарындастары Шолпан Төлеуғазықызы Қадырғалиева  мен Дәмегүл Төлеуғазықызы Рақымжанова ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Қоңыр күз сайын ұйымдастырылатын поэзия мерекесі К.С.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрында жалғасын тапты.

Салтанатты кеш Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызы Омарбекованың құттықтау сөзімен басталды.

Дәстүрлі Қасым оқулары бойынша жыл сайын бір кітаптың тұсауы кесілетінін қалың көпшілік ертеден біледі. Бұл жолы да игі шара жаңа кітаптың таныстырылымымен басталды.

Еске сала кетсек, Қасымның азаматтық тұлғасы, қуатты поэзиясы жайлы жазылған құнды деректер бүгінге дейін "Qasym" сериясымен 3 кітап  болып жарық көрген.

Аталмыш кітаптардың жарыққа шығуына ұйытқы болып отырған облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Осы орайда ақын жайлы жазылған әрбір дүниені қастерлеп, жинап, оны жинаққа топтастырудағы кітапханашылардың қажырлы еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

Қасым сериясының төртінші кітабы "Бір нәзік сәуле" атты "Qasym" cериясымен жарық көрген ноталар жинағы. Бұл кітаптың құрастырушылары Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, танымал күйші Қайрат Айтбаев және Жазушылар одағының мүшесі, "Маgzhan" баспасының директоры, жазушы Алмаз Мырзахмет. 

Сахна төрінен орын алған танымал күйші Қайрат Айтбаев кітап жайында сөз етіп, ноталық басылымның дайындалып жарық көруіне жыл көлемінде уақыт кеткендігі туралы, кітаптың мазмұнының ерекшелігі Қасымның бұрын соңды енбеген өлеңдері осы кітаптан табуға болатындығын айтып берді.

Кітаптың тұсауын Қасым Аманжоловтың шөбере қарындасы Шолпан Қадырғалиева мен "Абай" атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы кесіп, жаңа кітапқа Ақ жол тіледі.

Дауылпаз ақынды тану – бүгінгі және келер ұрпақтың парызы деп жүзден жүйрік,  қатарластарынан оқ бойы оза шапқан жеңімпаздар анықталды.

"Дүниеге келер әлі талай Қасым..." номинациясы бойынша:

Бас жүлде

Ақжол Түменбай (Дошанов)  (Қызылорда облысы)

І орын

 Жәлел Шалқар (Қарағанды қаласы)

ІІ орын

 Мақсат Күземханов  (Қарағанды облысы, Балқаш қаласы)

ІІ орын

Айзада Рахымжанова    (Нұр – Сұлтан қаласы )

Аршын   Нұрбақыт (Алматы облысы)

Арайлым Мураталиева     (Шымкент қаласы)

 

 Арнайы дипломмен

Ернұр Әуезхан     (Қостанай облысы)

Қайрат Иманбеков  (Қарағанды қаласы)

Роллан Кеңесханов  (Шығыс Қазақстан облысы)

Абай Ораз (Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) марапатталды.

 

 "Жас дәурен" номинациясы бойынша:

Бас жүлде

Айбек Рымғали (Қарағанды облысы)

І орын

 Сырым Мұхаметжанов (Нұр-Сұлтан қаласы)

ІІ орын

Кәмшат Тұрабекова (Нұр-Сұлтан қаласы)

 

ІІІ орын

Ерасыл Алпысбай (Солтүстік Қазақстан облысы)

Қуандық Төкенов (Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы)

Жанболат Байсолтан (Павлодар қалассы)

 

Арнайы дипломмен

"Арай" тобы  (Қарағанды қаласы)

Жанна Искакова (Қарағанды облысы, Абай ауданы) марапатталды

 

Ән менен жыр төгіліп төрімізден,

Күй ойнасын, құс ұшып көгімізден!

Дүбірлі той бүгінгі жалғасады,

Ду қошемет болсыншы, сізбен, бізден! –деп шара Гала-концертпен жалғасты.

Концертте жеңімпаздар өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.

Белгілі әнші Саят Әбдіғалидың  орындауындағы Есжан Әміровтың әніне жазылған Қасым Аманжоловтың "Махаббат періштесі",  Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде орындаған Халықаралық конкурстардың лауреаты Гүлмира Тапайдың орыстың халық  әні "Ах, Самара жас қала!",   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысовтың орындауындағы"Жас дәурен" әні кештің сәнін  келтіріп,  жиналғандарды ерекше шаттыққа бөледі.

Екі күнге созылған ән мен жыр додасы  ғасырлар тізбегіне үн қосқан Қасым ақынның әдеби мұрасы халқымыздың талайлы тағдырында із қалдырып, көкірегінде сәулесі бар жандардың ойына орда тікті.

Бабадан қалған өнер құдіретіне алғыс айтып, Қарағандының асқақ рухы үшін асқан мақтаныш сезім арқалап тарасты.

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева

SARYARQA TV / Сарыарқа телеарнасы

ТК 5 канал Караганда

Бірінші Қарағанды телеарнасы

Сәрсенбайұлы, Ж. Қасым жаққан жұлдыздар // Орталық Қазақстан. - 2021. - 7 қазан

Ай кітабы