Қазақстан Республикасының Конституциясы - бұл біздің мемлекетіміздің Ата Заңы, ол жоғары заңды күшке ие, Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылатын құжат. Конституция заңнамалық тұрғыдан анықталған негізгі нормативтік құқықтық актілердің арасында бірінші орында тұр. ҚР Конституциясының нормаларын талдау оның барлық негізгі ережелерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне тікелей қатысы бар екені сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің саяси және азаматтық институттарына теріс әсер етеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Конституцияны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы, негізгі құқықтық тетігі, базасы ретінде қарастыру қажет.
2023 жылғы 25 тамызда сағат 15.00-де Н. В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханада Қазақстан Республикасы Бірінші Конституциясының 30 жылдығына арналған (28.01.1993 жыл) «Constitution as a basic Law of Republic of Kazakhstan» дөңгелек үстелі өтті.
Спикерлер ретінде: Сақтапберген Әкім Еранұлы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қарағанды облысы бойынша департаменті превенция басқармасының офицері; Садықова Айдана Бауыржанқызы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қарағанды облысы бойынша департаменті превенция басқармасының бас маманы шақыртылды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты: Қазақстан Республикасының Ата заң баптарындағы руханият, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайту мәселелері бойынша ой пікірлерді ортаға салу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды насихаттау.
Сондай-ақ дөңгелек үстел жұмысына Қарағанды қаласының медицина университетінің шетелдік келген студенттер, Америка бұрышының еріктілері, кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Шараның модераторы - Н. В. Гоголь атындағы облыстық кітапхананың американдық бұрышының үйлестірушісі Қырықбай Ғалымжан ағылшын тілінде жүргізді.
Шараның ашылуы Қазақстан Республикасының Әнұранымен бастап, дөңгелек үстелді ашқан модератор талқыланған мәселелерді белгілеп, қонақтарды таныстырды. Биыл 1993 жылғы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданған Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясына 30 жыл толады. Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Конституция қабылданғаннан бері 1998, 2007, 2011, 2017 және 2022 жылдары өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
«ҚР Конституциясының тарихи маңызы» тақырыбымен Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ студенті,«АМАNAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» белсендісі Сәдуақасов Зият Айдынұлы сөз сөйледі. Ол ҚР Конституциясының құрылу тарихына, оның негізгі тұстарына, салыстырмалы талдауға, Негізгі заңға енгізілген өзгерістерге тарихи экскурсия жүргізді.
Келесі сөз кезегін алған спикер Сақтапберген Әкім Еранұлына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы трансформациялау» презентациясымен таныстыра отырып, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде қазіргі уақытта саяси дамуға қарамастан әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да бар екені атап өтті. Спикердің сөзінше сыбайлас жемқорлық демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына теріс әсер етеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.
Сонымен қатар, спикер Үндістаннан келген Қарағанды қаласының Медицина Университетінің студенттеріне екі елдің Конституцияларының арасында қандай айырмашылықтар мен ұқсастықтар бар, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдары қалай жүргізіліп жатқанымен бөлісті. Мысал ретінде Үндістанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жеке ұйым да жұмыс істейтінін көрсетіп кетті. Олар Қазақстан халқының достығы туралы, осында өздерін тыныш және қауіпсіз сезінетінін атап өтті.
Шағын диалогтан кейін Садықова Айдана Бауыржанқызы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие» тақырыбында бейне презентациясымен таныстырып, Қазақстан қоғамында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бойынша ағарту мен тәрбие жұмысына үлкен мән берілетіні атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты көзқарастарды ерте жастан дұрыс қалыптастыру қажет, интернет - ресурстарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпаратты таратудың маңыздылығы айқындап берді.
Шара соңында «Ата Заң – өркениеттік кепілі» = «Constitution is a guarantee for secure civilization» кітап көрмесі бойынша шолу өткізілді. Халықаралық кітаптар бөлімінің кітапханашысы Әйгерім Рысбақова қатысушылар назарына Қазақстандағы конституциялық құқықтың тарихы мен дамуы бойынша кітаптар мен анықтамалық басылымдарды, нормативтік-құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасының Конституциясының қалыптасуы туралы қазақстандық ғалымдардың еңбектерін оқуға ұсынды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республиқасының Конституциясы. Тәжірибелік құралы» (Алматы, 2023 ж.) (Алматы, 2023 ж.) брошюрасы қазақ тілінде, Y. Shaimerdenov «The State of Symbols of the Republic of Kazakhstan» (Almaty, 2001 ж.) ағылшын тіліндегі басылымдармен таныстырды.
Шара соңында модератор спикерлер мен қатысушыларға тақырыпқа қызығушылық танытып, пікірталасқа белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіріп, жалпы фотосуретке түсуді ұсынды.
Біз барлық қазақстандықтарды келе жатқан Конституция күнімен құттықтаймыз! Баршаңызға бейбітшілік пен жақсылық, табыс, жасампаз бастамалар мен амандық тілейміз!