«Кітапхана және аймақтың мәдени кеңістігі» II аймақтық әдістемелік практикумының жұмысы аяқталды.
29-30 маусым күндері Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Нұра ауданының ОКЖ-де Б. Ысқақов атындағы аудандық орталық кітапхана базасында «Кітапхана және аймақтың мәдени кеңістігі» әдістемелік практикумы өтті.
Практикумның мақсаты:
- Аймақта халыққа қызмет көрсетудің біріңғай заманауи ақпараттық-кітапханалық жүйені қалыптастыруға ықпал ету,
- Тиімді инновациялық кәсіби идеяларды тарату;
- Облысымыздың кітапхана мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамыту.
Практикум жұмысына қалалық және аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйелерінің өкілдері қатысты.
29 маусым күні аудандық орталық кітапхана ғимаратының аланында практикум қатысушылары мен қонақтарын қазақтың ұлттық киімін киген жастар ән шырқап, шашу шашып салтанатты түрде қарсы алды.
Қарсы алу рәсімінен кейін, барлық қатысушылар кітапхана фойесінде ұйымдастырылған «КІТАПТАР ШЕҢБЕРІНДЕ» атты жобалар көрме-инсталяциясын тамашалауға шақырылды. Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК («ОБЪЕКТИВТЕ – ҚАРАҒАНДЫ»жастар фотокроссы), Теміртау ОКЖ «Оқитын қала», Ақтоғай ОКЖ («Тарих сөйлейді» жобасы), Оскаров ОКЖ («Библиотуризм: көшпенділердің ізімен»), Шет ОКЖ (IT-киіз үй) атты жобаларын таныстырды.
«Кітапхана және аймақтың мәдени кеңістігі» II аймақтық әдістемелік практикумның ресми ашылуы кітапхананың оқу залында өтті.
Практикум барысында Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды ОӘҒК-ның ғылыми хатшысы Пак Валентина Иосифовна өз сөзінде аймақтық деңгейдегі кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, аймақ кітапханаларының одан әрі дамуына, мамандардың кәсіби іс-шараларды өткізу тәжірибесін жинақтауына үлкен көмек көрсететінің айтты және осы кәсіби кездесуді аталмыш кітапхананы таңдауға не әсер еткенін түсіндіріп, кітапхананың ақпараттық ресурстар мен өлкетану қызметін дамыту дәстүрлерін еске салды.
Нұра ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдер бөлімінің басшысы Жарқын Нұрмағамбетов Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Қ. Жұмакеновтың атынан практикум қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқыды.
Практикум жұмысына арнайы шақырылған ІТ технологиялар мен әлеуметтік медиа саласындағы тәжірибелі мамандары: ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалинов пен журналист, медиа менеджер, «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы Құламан Бибігүл Бөкенбайқызы қатысты.
Барлық қатысушылардың қатысуымен Бибігүл Құламан «Әлеуметтік желідегі жеке бренд» атты тақырып бойынша тренинг өткізді. Онда әлеуметтік желілерде жұмыс істеу әдістері мен тәжірибелерін қарапайым тілмен, жоғары кәсіби деңгейде жеткізіп, ұялы телефонға бейне түсірудің, бейнені монтаждау дағдылары бойынша практикалық жұмыс жүргізді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді жүргізу, сторис пен рилс түсіру, Instagram трендтері сияқты өзекті тақырыптар жайында өз тәжірибесімен бөлісті.
Пікір алмасу барысында жаттықтырушы осындай қызығушылық танытқан аудиториямен үлкен қуанышпен жұмыс істегенін атап өтіп, қатысушыларға сертификаттар табыстады. Тренинг соңында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан В.И. Пак Б. Алғыс хат табыс етті.
Үзілістен кейін практикум қатысушылары екі шығармашылық топқа бөлінді. Бірінші топ жаттықтырушы Н. Н. Жолдыбалиновтың «Мобилография: оқырмандарды кітапханаға баруға шабыттандыратын мобильді контент» атты тренингіне қатысса, екінші топ Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы Карашованың «Кітапханалық идеялар марафоны» атты шығармашылық аланына қатысты.
«Кітапханалық идеялар марафоны» атты шығармашылық алаңда ауылдық, қалалық және аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұсынған жобаларын тындап, өткізген шеберлік сағаттарына қатысып, кітапхана мамандарының шығармашылық қиялының сарқылмайтындығына, кітапхана қызметін жақсартуға деген ынта-ықыласына тағы да көзіміз жетті.
Үшінші шығармашылық алаң «Электронды кеңістіктегі кітапхана» тақырыбында өтті.
Қатысушыларды үш шығармашылық алаң бойынша қызықтырған баяндамалар мен практикалық жұмыстар: С.Е. Жанарстанованың («Осакаров ауданының киелі орындары» интернет-жобасы), А. К. Махметованың («Кітап сүйер қауымының назарына «FavBOOKS» кітапханалық Telegram-канал»), Т. Е. Чернышкованың («Квест өлкетану білімін ілгерілету тәсілі ретінде»). Сондай-ақ, әсіресе, қатысушылар арасында қызығушылық тудырған Нұра ауданы ОКЖ Заречное ауылының кітапханашысы Ж.Ж. Сүлейменованың кітапханада қуыршақ театрын құру тәжірибесі.
Тәжірибе алмасып, қарқынды жұмыс істегеннен кейін қатысушылар Шет ОКЖ қызметкерлері ұсынған Мұхтар Шерімнің «Кітап тіліндегі махаббат» монологын тамашалады.
Практикумның бірінші күнін қорытындылай келе, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалиновқа және Нұра ауданы ОКЖ аудандық орталық кітапханасына Алғыс хат табысталды.
Бағдарламаның екінші күні «Мобилография» тақырыбы бойынша жұмыспен басталып, Көбетей ауылының кітапханасына кәсіби тур ұйымдастырылуымен жалғасты. Практикумның екінші күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының атынан алғыс хаттар беруімен аяқталды.
Қатысушылардың практикумнан алған білім-дағдылары келешекте көптеген кітапханалардың цифрландыру жолында және әлеуметтік желілерде дамуына көмегін тигізеді деп үміттенеміз.