Кітапханамызда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық суретшісі, киноактер, режиссер, хореограф Әубәкір Ысмайыловтың 110 жылдығына арналған «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты еске алу кеші өтті.
Қазақ өнерінің ардагері, өмір сұлулығын жанымен сезіне білетін, тыным таппас тамаша таланты мен бойына біткен сан алуан өнерімен дараланған дархан дарын.
Кеш барысында өнер иесінің қызы Г. Әубәкірқызы Алматы қаласынан арнайы дайындалған бейне сәлемін жолдады.
Суретшінің 100 жылдық мерейтойында Шахтинск қаласындағы көркемөнер мектебіне Ә. Ысмайыловтың аты берілген. Білім ордасының тарихы туралы педагог-суретші А. Өмірбаянқызы баяндады.
Өзінің 86 жыл жасаған өмірінде Ә. Ысмайылов 400-ге тарта шығарма салған екен. Қазіргі таңда суретшінің туған жеріне арналған мұрасы әлі күнге дейін Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде сақталған. Өнертанушы М. Айдарханқызы суретшінің музей қорындағы туындыларымен және шығармашылығымен таныстырып, «Қарабас», «Қарағанды шахтасында» және т.б жұмыстары туралы толық ақпарат беріп, қызығушылық танытқан оқырман сауалдарына жауап берді.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші жерлесіміздің тағы бір қыры-би өнері. Ол қазақ би өнерінің кәсіби қалыптасуына мол еңбек сіңірген тұлға. Халық биіндегі түрлі ер адамдарға арналған іс-қимылдарын насихаттаушы екендігін педагог-хореограф А. Санархан көрсетіп, маңызы мен мағынасын түсіндірді.
Сахнада «Қыран» би ансамблінің мың бұралған бишілері «Самал жел», «Бал бөбек» билерін биледі. Сонымен бірге Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Мүрсәлім Ақжол М. Егінбаевтің «Шынарым» әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Кеш соңында суретшінің шығармашылығына арналған «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты кітап көрмесіне шолу жүргізіліп, «Қылқалам шебері» әдеби танымдық викторинасы ұсынылды. Демеушілік көрсеткен қаламыздағы облыстық бейнелеу өнері музейінің ұжымы белсенділік танытқан жеңімпаздарға мамыр айында өтетін көрмеге тегін жолдамалар сыйлады.
Бойында өнер атаулының барлық түрі тоғыса, бір-бірімен үндесе келе кең танылған дара талант мәңгілікке ел есінде.
Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы: Ж. Санақбай