5 сәуір күні кітапханамызда «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ прозасының деңгейін көтерген көркем сөз шебері, көрнекті жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің шығармашылығына арналған «Төлен Әбдіктің философиялық ойлары» атты көркем оқу кешіөтті.
Кештің мақсаты: Жазушының әдеби мұрасы мен отандық әдебиетті жан-жақты насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұраны сақтау және жастарды адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелеу.
Аталмыш шараға Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Кәмшәт Зиядаевна Жаманбаева және қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 3 курс студенттері қатысып, «Парасат майданы», «Әке», «Ақиқат», «Оң қол» шығармалары жайлы өз ойларымен бөлісті.
Әдебиет сүйер қауымның сүйіспеншілігіне ие болған бұл туындылар жазушы жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін бұл әлемде жүрегіміздегі ізгілік отын сөндірмеуге шақырады. Сондықтан да, қазақ прозасында ерекше қолтаңбасы бар қаламгердің бұл шығармалары білім алушылардың қызу талқысына түсті.
Кешке қатысқан Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері «Оң қол» повесі жайлы баяндап: «Жазушының шығармалары адамгершілікке, ізгілікке, мейірімге, еңбексүйгіштік сынды қасиеттерге арналған, сонымен қатар автор тұлғаның екіге бөлінуі сынды психологиялық мәселені де қозғаған»,- деген тұжырымдарға топтасты.
Жазушының «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» және «Ақиқат» атты шығармаларында «ізгілік жолы», «жалғыздық» сынды терең философиялық мән бейнеленген деген өз көзқарастарын білдірді.
«Қазақ прозасының пырағы» атанған қайраткер бүгінде қазақ қоғамына тек жазушылық қырымен ғана емес, ақындық, күйшілік өнерімен де танымал. Кеште өз өнерлерін ортаға салған студенттер, көрнекті жазушыға арналған арнау өлеңдерін және қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын-жазушылар М. Мақатаевтың «Ей,өмір», М.Шахановтың «Төрт ана» атты сара өлең жолдарын мәнерлеп оқып, алған өз әсерлерімен бөлісіп, аудиторияға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында жастар назарына жазушы шығармашылығына арналған «Жазушының парасат биігі» атты кітап көрмесі ұсынылып, әдеби - танымдық викторина ойнатылды.
Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д.