Биыл Мысырда Мәмлүк мемлекетінің негізін қалаған, төртінші сұлтаны Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойы аталып өтеді.

Сұлтан Бейбарыс - тек қазақ емес бүкіл түркі халықтарының мақтанышына айналған, мәмлүктер арасынан ер жүректілігімен, ақылымен, дарынымен көзге түсіп, құлдықтан таққа дейін көтерілген ұлы бабамыз.

Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойы аясында Каир қаласында күрделі жөндеуден өткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылу, Әл-Азһар университетінде халықаралық ғылыми конференциясын өткізу, Каир халықаралық қазіргі заманғы эксперименталды театр фестивалі шеңберінде Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахналау, Мысыр тарихының мәмлүктер дәуіріне арналған араб және қазақ тілдеріндегі энциклопедиясын жарыққа шығару және т.б. халықаралық іс-шаралар жоспарланған.

Осыған орай  кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде  Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған «Ұлы даланың ұлы есімі» атты иллюстрациялық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге «Қарағанды тамақтандыру және сервис (КММҚ)» колледжінде «Ұлы даланың ұлы есімі» ақпараттық сағаты өтті.

Шараның мақсаты - Сұлтан Бейбарыстың аты аңызға айналған тұлғасы мен оның жетістіктерінің негізінде жастарға патриоттық тәрбие беру, ХІІ ғасырдың ортасында Ұлы Даладан барып 20 жыл Мысыр мен Шам еліне билік жүргізген Бейбарыс сұлтанға қатысты тарихи және әдеби мұралармен жас ұрпақты таныстыру.

Шара барысында кітапханашылар кітап көрмесінде ұсынылған Қ. Сәкидің «Сұлтан Бейбарыс» (Алматы, 2000 ж.), Т. Жұртбайдың «Дулыға» (Алматы, 2007 ж.), Р.Отарбаевтың «Айна-ғұмыр» (Астана, 2013 ж.), Б.Кумековтың «Султан Бейбарыс. История, личность, время» (Алматы, 2004 ж.) еңбектеріне жан-жақты шолу жасалып,  жастарды одан әрі қызықтыра түсті. Бұл кітаптарда абырой, ар мен намысты жоғары қойған  ержүрек Бейбарыс туралы әңгімелеп, айбынды қолбасшы, дана саятшы, өз ұлтының адал ұлы, бөтен жерде жүрсе де өгей ұлдай болмаған Бейбарыстың өмір жолы туралы бұрын қазақ оқырманына белгісіз болып келген тың деректермен таныстырды.

Өз топырағымызда туған батыр бабамыз жайлы, бірден бір маңдайға басар туынды - 1967 жылы жарияланған қазақстандық орыс жазушысы Морис Симашконың «Жусан» (Аламты, 1998 ж.) атты тарихи повесіне ерекше тоқталды.  Жастар кітап жайлы қызықты талқылауға қатысып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын білдірді.

Сонымен қатар «Жусанның иісі  - туған даланың иісі» және «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстаным туған елге деген сүйіспеншіліктен, сағыныштан туса керек» деген өзіндік ой-пікірлерімен бөлісіп, тарихи-танымдық викторина сұрақтарына қызыға жауап берді. Шараға 35 адам қатысты.

 

 

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Уйсембаева С.Ж.