15 қазан күні Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Арқаның ақиық ақыны, кеңестік заманда есімі еленбей, қолжазбалары үкіметтік өңдеуге түсіп, жыры жария болмаған, жыр-дастандары ескі қадым қарпімен таңбаланған – Нұржан Шоңұлының «МИРАС» атты өлеңдер мен дастандар жинағының таныстырылымы өтті.
Кешті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы, жазушы Серік Сағынтай жүргізді.
Кітаптың жарыққа шығу барысы жайлы кітап құрастырушы, Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылының имамы Айдаржан Балтабайұлы Қасенов ақын шығармашылығы мен оның жүріп өткен жолының тәрбиеге толы мағыналы өміріне тоқталдыжәне Нұржан Шоңұлының ұрпақтары сөз сөйлеп, бүгінгі жақсы күнде ұрпағына мирас боп отырғанын жеткізді.
Кітаптың лентасын қоғам қайраткері Қайырбек Садуақасов пен ақынның ұрпағы Бағдат Нұржанов қиып, өз ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа кітапты кітапханамызға сыйға тартты.
Кеш барысында «Жыр - Жауһар» шығармашылық орталығының мүшелері ақынның өлеңдерінен үзінді оқыды.
Сонымен бірге Нұржан ақынның ұрпағы, дүлдүл әнші Мейірхан Адамбековтың ұлы Алданыш Мейірханұлының орындауындағы «Қарқаралы» әні оқырмандар жүрегінен орын алды.
Сөз кезегін алған Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының орынбасары Гаухар Нұрланқызы Умбединова жылы лебізін білдіріп, жаңа кітаптың өз оқырмандарын таба берсін деген тілекпен ақ жол тіледі.
Бұндай рухани шараның оқырман қауымға берері мол. Осы кеште оқырманның ілтипаты мен қошеметі зор болды.
Өлкетану бөлімінің кітапханашысы Б.Алпысбаева