Биыл, белгілі, қазақтың біртуар ұлы, ел есінде ұлтының ұлы мұратын ұлықтаған ұлы тұлға ретінде мәңгі сақталатын, ұлтымен бірге жасайтын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – қазақтың парасат даналығын бойына сіңірген перзенті, ХХ ғасырдың аса көрнекті мемлекет қайраткері. Ол – терең ақылмен, жоғары мәдениетімен, турашыл, әділдігімен ерекше көзге түскен адам.

Д.А.Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласында дүниеге келген.

Әр жылдары ол басшылық қызметтер атқарды: соғыс кезінде Қаз Халком төрағасының орынбасары болды. Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті, төрағаның орынбасары, содан кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, зейнеткерлікке шыққанға дейін, яғни 1960-1962 және 1964-1986 жылдар кезеңінде – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы; КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі; КСРО Жоғарғы Кеңесінің және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланды.

Республиканың дамуындағы ерекше жетістіктері үшін үш рет "Социалистік Еңбек Ері" атағы берілді, 9 "Ленин орденімен" және басқа да ондаған ордендермен марапатталды.

Кітапхананың оқу залында "Ерлік құқығы: Д.А. Қонаевтың мемлекеттік қызметі"="Право на подвиг: государственная деятельность Д.А.Кунаева" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметі туралы кітаптар мен мерзімді материалдар ұсынылған.

Д. А. Қонаевтың "О моем времени" естелігін (Алматы, 2011 ж.) орыс тілінен еркін аударған және автордың ықыласымен қазақша нұсқасын кеңейтіп, әдеби редакциясын жасаған журналист С. Әбдрайымұлың "Өтті дәурен осылай" (Алматы, 2011 жыл) естелік кітабы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде автордың балалық шағы мен отбасы, оқыған жылдары мен еңбек жолының басталуы туралы айтса, екінші бөлімінде әр жылдардағы республика өміріне арналған. Д.А.Қонаев өзімен бірге қызметтес болып, жұмыс істеген көптеген саяси және мемлекет қайраткерлерді  – Н.С.Хрущевты, А.Н.Косыгинді, Л.И.Брежневты, М.С.Горбачевты еске алады. Естелігінің соңында бүгінгі күннің өзекті мәселелері қамтылған.

Жазушы Б. Тілегеновтың  "Тұйық өмірдің құпиясы" (Алматы, 1992 ж.), көрнекті ақын Р. Ниязбектің "Қыдыр ғұмыр" (Алматы, 2002 ж.) атты кітаптарда Д.А. Қонаевтың қилы – қилы өмір жолдары суреттелген.

Халқымыздың біртуар перзенті, есімі дүние жүзіне мәшһүр болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А. Қонаевтың өмірі ұрпаққа үлгі. Серік Әбдірайымұлы құрастырған "Елу жыл ел ағасы" (Алматы, 2002 ж.) жинақта Димекеңнің көз көрген замандастарының, еңбек және соғыс ардагерлерінің, әдебиет пен өнер адамдарының, ауылдың қарапайым еңбек ерлерінің естеліктері топтастырылған. О. Қауғабайдың "Таңғажайып Қонаев" (Алматы, 2008 ж.) кітабынан халқының қалтқысыз құрметі мен шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Д.А.Қонаевтың қарапайым кісілік, кемеңгерлік, тектілік, көрегендік қасиеттері мен ел – жұртына адал тілекшілігі жайында кеңінен көсілте нанымды жазылған роман – эсседе Димекеңнің ата – бабасы, әке – шешесі, сүйген жары, туған – туыстары, дос – жарандары жөнінде де жан – жақты баяндалған.  

Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған "Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев" (Алматы, 2011 ж.) үш тілдегі фотоальбомда өз заманындағы көрнекті саясаткерлердің отбасы, өмірі мен қызметі туралы баяндайтын фотосуреттер көрсетілген.

Өз дәуірінің көрнекті тұлғасының өмірі мен қызметіне арналған "Өнегелі өмір" сериясындағы "Дінмұхамед Қонаев" (Алматы, 2017 ж.) кітабы оқырмандардың қызығушылығын тудырады. Бұл кітапта тағылымы терең тұлғаның өзі өмір кешкен заман шындығы мен тұлғалық қалыптасу жолдары баяндалған мемуарлық шығармасынан үзінді, сырлы сұхбаттары мен замандастарының естеліктері, ақындардың арнаулары топтастырылған. Сондай – ақ, мұрағат құжаттары мен өмірінің әр кезеңінен хабар беретін фотосуреттері де берілген.

Сонымен қатар оқырман назарына мерзімді басылымдар беттерінде кейінгі жылдар жарық көрген мақалалар да ұсынылған:

"Аңыз адам" (2011ж. №1) журналының ұлт мақтанышы Дінмұхамед Қонаевқа арналған. Журнал "Өмірбаян", "Естелік", "Қонаевтану", "Қонаев әулеті", "Тарихнама", "Сауалнама", "Замандас", "Көз көрген", "Қонаев университеті", "Қонаев мұражайы" атты бөлімдерінде берілген мақалалар фото суреттерімен көркемделген. 2021 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде 15 қаңтарында (№1.) жарыққа шыққан Ә. Үмбеталиевтың "Қонаевтың қонақжай музей – үйі" туралы жазылған мақаласымен таныса аласыздар.   

Қорытындылай келе, Д.А.Қонаевтың есімі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен мәңгілікке қалдырды. Қазақстандағы және шетелдегі көшелер мектептер, институттар, кәсіпорындар оның есімімен аталады. Ол әрқашан қолдауға, сүйіспеншілікке және терең құрметке ие болған, халық арасында өзінің орасан зор беделін сақтап қалды.

Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға ұсынылған құжаттардың барлығын біздің кітапханадан таба аласыздар. Біздің кітапхананың есігі әрдайым сіздерге ашық.

 

Оқу залының кітапханашысы: Шохшина Ж.С.