Апбаз Қаражігітов 1923 жылдың 15 наурызында Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Сарысу ауылында туған.
1953 жылы қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
Ауылында колхозшы, колхоз есепшісі, мектептерде мұғалім, мектеп директоры болып жұмыс істеген.
1942-1943 жылдары Қызыл Армия қатарында болған.
1970-1984 жылдарда Қарағанды облыстық газетінде тілші, Жезқазған облыстық газетінде бөлім меңгерушісі, 1984-1990 жылдарда Жезқазған балалар театрының әдеби меңгерушісі, 1990-1998 жылдарда Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Апбаз Баймендіұлы Қаражігіт–әуелде оқырман қауымға поэма, баллада және өлеңдерімен танылып, кейіннен проза жанрына қалам тартып, өмірге айтарлықтай тартымды шығармалар әкелген талантты жазушылардың бірі. Жазушының 1976 жылы "Жалын" баспасынан жарық көрген "Ақмоншақ" повесі мен әңгімелер жинағынан кейін іле-шала "Шақпақ", "Әке дауысы" кітаптары шыққан еді. Бұдан кейін 1993 жылы "Майқоңыр" романы, 1998 жылы "Қайран шеше" повестері мен әңгімелері жарық көріп, оқырманнан өз бағасын алған болатын. Әсіресе, жазушының "Әке дауысы" кітабы 1991 жылдың әдеби жыл қорытындысында таңдаулы шығармалар қатарында аталып, жазушыға үлкен мерей әпергентін. "Баубек" атты пьесасы үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығымен марапатталған. Сонымен бірге, "Қайран шеше" (1991), "Абыздар биігі" (2001), атты кітаптардың авторы. Драматургия саласында "Баубек", "Сәкеннің атылуы", "Махаббат азабы", "Қияндағы жалғыз үй" пьесалары Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы сазды драма театрында қойылып жүр.
Жазушы А.Қаражігітов шығармалары Жезқазған өңірінің кешегісі мен бүгіні, алып өндіріс орындары мен ауыл тынысы, ондағы адамдардың тағдыры, жасампаз істері хақында сыр шертеді. Қаламгер қандай бір шығармасында болмасын адамгершілікті, достықты, махаббатты биік ту етіп көтереді. Өмірде болған оқиға, құбылысты нақты, шынайы қалпында көркемдік тәсілдер арқылы суреттеужазушының машықты ісі.
А.Қаражігітов Жезқазған қаласының, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, ҚР мәдениет қайраткері (2003).