Мақсаты: қазақ ақын-жазушыларының және әлем әдебиеті шығармаларын талдауға, жастарды сөйлеу мәдениетіне, өз пікірін ашық айтып, өз көзқарасын дәлелдей білуге баулу, әдебиетке деген таным-біліктілігін шыңдау.

Аталмыш шараға Қарағанды жоғары гуманитарлық  колледжінің студенттері қатысты. Шара барысында қатысушылар Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасын талқылап, ойларын ортаға салды. Соғыстан кейінгі Ербол мен Меңтайдың махаббаты, тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, туралы түсіндіре отырып, романның танымдық және тәрбиелік маңызын, көркемдік құндылығын атап көрсетті. Махаббаттың құндылығы және оның әрбір адам баласының өмірінде қаншалықты маңызға ие екендігі туралы өз ой-толғаныстарымен бөлісті. Оқырмандарға «Махаббат қызық мол жылдар» атты сериалдан  үзінді ұсынылды.

Ахын Айғаным автордың қисыны келген тұста оқырманына адамгершiлiктi, жақсы әдет, озық дәстүр, жоғары мәдениеттiлiктi дәрiптеуге тырысқанын айтса, Қанатқызы Меңтайдың «Өз ойларым» атты қолжазбасын оқи отырып, Меңтайдың адамгершiлiгi мол, жаны сұлу, ажарына ақылы сай қыз екендiгiн мойындадым дейді. Әбиев Ернияз жастар тәрбиесi, қыздар әдептiлiгi жайындағы шығарма деуге әбден болады деп ой түйді. Олжабай Бүркіт маған әсiресе Меңтайдың анасы түрткен нақылдар арасында жастарды салиқалылыққа, әдептiлiкке, ұстамдылыққа, iзеттiлiкке, салауаттылыққа шақыратын өсиеттері ұнады деген   ойын жеткізді.

Шара соңында жастар шығармада әдеп, махаббат пен достық сезiмдерiнің ұлттық мiнезімізге сай көрiнiс алғандығын, ал адамгершiлiк сияқты  қасиеттердің  тәрбиелiк қуатты арттырады деп қорытынды түйді.