Жалпы, табиғат пен қоршаған ортаны қорғау мәселесі жалпыхалықтық экологиялық сауат ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Осыған орай, «Ой-орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы экология тақырыбына арналды.

Клуб мүшелері Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ-нің «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасының аға оқытушысы Ауелбекова Арайлым Жоровнамен, Қарағанды облыстық мемлекеттік экологиялық департамент  басқармасының аға инспекторы -  Көлебаев Бахтияр Тілеуғазыұлымен кездесті.

Арайлым Жоровна қазіргі әлемде экологиялық проблемалар өзінің қоғамдық мәні жағынан алдыңғы қатардағы мәселелердің біріне айналғандығын, адамның шаруашылық іс - әрекетінің қауырт дамуы, айналадағы ортаға үдемелі, көбіне білдірушілік сипатта әсер етудегі жағдайлар туралы қызықты, мазмұнды баяндама жасаса, Бахтияр Тілеуғазыұлы Қарағанды облысының экологиялық мәселелердің шешілу жолдарын мысалдар арқылы келтіріп, экологиялық дағдарыс шын мәніндегі қауіпті төндіріп отырғанын айтып өтті.

Клуб мүшелері көкейіндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жаңадан келген студенттер «Ой-орда» пікірлесу клубы мүшелігіне қабылданды.