Биыл Қарағанды өңіріндегі ең ірі кітапханалардың бірі – Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 90 жылдық мерейтойын атап өтті.

Мерейтойлық іс–шаралар аясында Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 2024 жылғы 18-19- қыркүйек күндері «Қарағанды09: еркін диалог аймағы» халықаралық OpenTalk өткізілді.

Іс-шараның негізгі тақырыбы – қазіргі заманғы кітапханалық қызметтің теориялық және практикалық бағыттарын талқылау, көпшілік, ЖОО-ның кітапханаларының, музейлер мен архивтердің өзара әрекеттестігі, сондай-ақ Қазақстан және шет елдердің кітапханалар жұмысының креативті әдістемелері және табысты тәжірибелерімен алмасу. Іс-шара Қазақстан кітапханашыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Шараға еліміздің 11 облысынан келген кітапхана басшылары мен жетекші мамандары қатысты. Барлығы 70-ке жуық адам, оның ішінде Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Алматы облыстарынан делегациялары келді.

Халықаралық OpenTalk құрметті қонақтар, спикерлер мен модераторлар қатарында - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы А.Ә.Мырзахмет, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Ж. Оспанова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директоры Ғ.Қ.Нұрғалиева, Жастарға арналған Ресей мемлекеттік кітапханасының директоры И.Б. Михнова, Ресей ұлттық кітапханасының библиография және өлкетану бөлімінің аға ғылыми қызметкері Н.М. Балацкая, Сүлеймания қолжазбалар кітапханасының директоры Хусейн Кутан мырза, А. С. Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік ғылыми кітапханасының директоры А.В. Ремизов, А.С.Пушкин атындағы Омбы МОӘҒК директорының орынбасары А.П.Сорокин, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғылыми кітапханасының директорының орынбасары П.М. Лапо, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ақпараттық ресурстар және жастар саясаты жөніндегі басшының орынбасары Н.Н. Жолдыбалинов және т. б.

Халықаралық іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінде өтті. Атриум залында кітапхана тарихына арналған «Тарих беттерінен», «Кітапханадағы кездесулер», «Жұмыс сәттерінде» бөлімдерінен тұратын фотогалерея және дауылпаз ақын Қ.Аманжоловтың шығармашылығы аясында инсталяциялық кітап көрмесі ұсынылды.

Мереке барысында бірнеше іс-шара өткізілді. Алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен брифингте Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е. Қ. Жұмакенов кітапхананың мерейтойы аясында өтетін кәсіби іс-шаралар туралы ақпарат беріп, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Панельдік сессия құттықтау бөлімінде: Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның атынан құттықтау сөзі оқылып, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Б.Қ Алтынбеков «Бүгін Арқа өңіріндегі киелі орда Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 90 жылдық мерейтойында өздеріңізбен қауышып, жүздескеніме қуаныштымын. Қарағанды қаласының құрылумен бірге дамып келе жатқан  Николай Гоголь атындағы кітапхана – мәдениет мәйегінің қасиетті шаңырағы. Оқырман сұранысын толық қанағаттандыра алатын, өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып оқырманмен біте қайнасып, қызметін жаңа жүйемен жалғастырып келеді. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне дем беретін ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы дәнекер болып отырған Сіздерсіздер! Ұлттың рухани азығы болып табылатын асыл мұраларымыз жинақталған кітапхананың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше», - деп атап өтті. Ақын С. Ақсұңқарұлы, Қазақстан ұлттық кітапханаларының директорлары өз құттықтау сөздерінде кітапхана ұжымына ыстық ықыластарын білдірді.   Салтанатты жиын аясында кітапхана қызметкерлерінің марапаттау рәсімі өткізілді.

Панельдік сессияның кәсіби бөлімінде Қазақстан, Ресей және Түркиядан келген кітапхана ісі сарапшыларының баяндамаларында қазіргі заманғы кітапханалардың қызметі, бүгінгі таңда Қазақстанның кітапханалары үздіксіз даму үстінде және кітапхана оқырмандары, әсіресе жастар ағыны көбейгендігі аталып, кітапханашылар қызметі бағаланды.

Сессия шеңберінде  «Кітапхана – жаңа қоғамдық кеңістік» атты жаңа кітаптың тұсаукесері, кітапханананың 90-жылдық мерейтой аясында жарияланған «Жастарды кітапханаға тарту» атты іске асырылған жобалардың ашық байқауының және «HackTheBookshelf»хакатоныныңжеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. Кәсіби шараның жалғасында кітапханашылар пікірталас алаңдарға, шеберлік сағаттарға және дөңгелек үстелге қатысып, тәжірибелерімен алмасты.

Оның ішінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғылыми кітапханасының директорының орынбасары П.М. Лапоның «Заманауи кітапхана қандай болуы керек?» атты пікірталас алаңы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ақпараттық ресурстар және жастар саясаты жөніндегі басшының орынбасары Н.Н. Жолдыбалиновтың «Мобилография: Оқырмандарды кітапханаға тарту үшін мобилді контент жасау» атты шеберлік сағаты, Ресей ұлттық кітапханасының библиография және өлкетану бөлімінің аға ғылыми қызметкері Н.М. Балацкаяның «Кітапханалардың өлкетану қызметі» атты дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

Сондай - ақ, кітапхананың мерейтойына арналған толықтырылған шынайылық технологиясының көмегімен құрастырылған «Кітапхана – жаңа қоғамдық кеңістік» атты жаңа кітап-альбомының тұсаукесері өтті.