Амоскин Никита – акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы. Ол 1999 жылы Қарағанды облысында туған. Никита бала кезінен спорттық акробатикамен айналысып, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы турнирлерінде жүлделі орындар алды. Ол спорттық акробатикадан республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Никитаның 60-тан аса марапаты бар. 2015 жылы серіктесі Анастасиямен бірге Азия чемпионатында жеке есепте 1 орын алды. 2016 жылы Қытайда әлем Чемпионатында қола жүлдегері атанды, ал Польшада әлем кубогында алтын жүлдеге ие болды. 2016 жылы Никита еңбегіне лайық халықаралық класстағы спорт шебері атағын алды. Алайда жас спортшының басты жетістігі 2018 жылдың сәуірінде Бельгияның Антверпен қаласында жастар арасында аралас жұптар категориясындағы спорттық акробатикадан өткен Әлем Чемпионатының алтыны болып табылады. Өз қаласы мен елінің мақтанышы болып жүрген ол  әрі қарай да халықаралық спорт әлемінде Қазақстан Республикасының мерейін үстем еткісі келеді.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарымен кездесті. Бұл жобада түрлі сала жүйріктері бақ сынаған еді. Дауыс беру аяқталғаннан соң жеңімпаздар қатарында спорттық акробатика бойынша әлем чемпионы, қарағандылық Никита Амоскин бар екені белгілі болды.

«Мен Новодолинский кентінде тұрамын, бұл - Қарағандыдан 45 шақырым жерде. Күн сайын таңғы сағат алтыда тұрып, жолға шығамын. Серіктесім екеуміздің жаттығуымыз бірнеше кезеңге бөлінген: шыңдалу, қалыптасу, негізгі элементтерді өңдеу және хореография. Мен күн сайын аптасына алты рет - он жыл бойғы өмірімді осылай өткізіп келемін. Менің ойымша, чемпион атану үшін, тура жол - осы, - деді Никита Амоскин кездесу сәтінде.

Нұрсұлтан Назарбаев спортшыны арқасынан қағып, тынбай еңбектенсе әлі талай жеңіске жететініне сендірді. «Мен жүрген жерімде айтып жүремін: адамның мүмкіндіктері шексіз. Барлығына қол жеткізуге болады. Табанды еңбексіз табысқа жету мүмкін емес. Барлық ұлы адамдар мақсаттарына осылай жеткен», - деп атап өтті Президент. Нұрсұлтан Назарбаев «Аррlе» компаниясының негізін қалаушыларды мысалға келтіріп, «олар ішкі жан-дүниесін өзгерту арқылы әлемнің өзгеруіне әсер етіп, адамзаттың басқаша ойлай бастауына түрткі болуға талпынды, сен де барлық мүмкіндігіңді жастық шақта пайдалануың қажет», - деді. «Менің Сізбен қол алысып, суретке түссем деген арманым бар еді», - деді Никита. Армандар орындалады! Оның алдағы межесі - бес құрлықтың үздіктері сынға түсетін Олимп шыңына шығу.

 https://100janaesim.ruh.kz/participants/2018/nikita-amoskin.html//

 Әдебиеттер:

Шалқар Ж. Арманы орындалған акробат // Орталық Қазақстан. - 2019. - 16 ақпан (№ 18). - 1 б.

Жаңқашұлы Ж. Жаңа тұлға - Никита Амоскин // Арқа ақшамы. - 2019. - 22 ақпан (№ 7). - 6 б.

Жеңіске жету оңай емес // Орталық Қазақстан. - 2019. - 5 қараша (№ 123). - 3 б.

Ерболат Е. Жеңімпаздармен жүздесу // Орталық Қазақстан. - 2019. - 24 желтоқсан (№ 142). - 6 б.