Алтаев Дәурен Қасымжанұлы - 1976 жылы  Қарағанды облысы, бұрынғы Талды ауданы, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 1982 жылдың күзінде алғаш мектеп табалдырығын аттап, сол мектеп қабырғасында 11 жылдық білімін алып шығады. Мектеп бітірген соң, Отан алдындағы борышын атқару үшін әскерге аттанады. Әскерден кейін, 1996 жылы ішкі істер органында ең алғаш рет еңбек жолын бастайды. Жол патрульдік қызметінде еңбек етіп, өз әріптестеріне сыйлы, беделді қызметкер атанады. Сол жылдарда жинаған білім мен біліктілігі нәтижесінде кезекші бөлімнің жедел кезекшісінің көмекшісі болып лауазымы ауысады. Еңбек пен оқуды қатар алып жүрген ол Б.Бейсенов атындағы Қарағанды жоғары мектебіне сырттай түсіп, заңгер мамандығын алып шығады. Оқуын 2005 жылы аяқтап, офицер атанады. Содан бастап, яғни 2006 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы қызметін адал атқаруда. Отбасында зайыбы екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған үлгі тұтар әке. Дәурен Қасымжанұлы өзінің ішкі істер органындағы қажырлы еңбегінің арқасында облыстық ІІД және қалалық ІІБ басшылығы тарапынан бірнеше мәрте, сондай-ақ, мінсіз қызметі үшін II және III дәрежелі медальдармен марапатталғанын айта кеткен жөн. Ішкі істер министрлігі тарапынан 2006 жылы «Үздік қызметі үшін» төс белгісімен марапатталған.

Дәурен Қасымжанұлы Қарағанды қаласы ішкі істер бөлімі Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры. Өз қызметіне адал берілген Дәурен Қасымжанұлының ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүргеніне 20 жылдан астам уақыт болды.

Д.Алтаевтың соңғы уақыттағы ерен еңбегінің бірден-бір дәлелі ретінде қызмет атқару барысында бір отбасының төрт бірдей баласын өрттен құтқарып алып шыққан ерлігін айтуға болады.

Оқиға барысын қысқаша тарқататын болсақ, сол күні әдеттегідей жұмыс уақытында Дәурен Қасымжанұлын Майқұдық елді мекенінде өз аумағындағы үйлердің біріне жетуі туралы хабарлама түседі. Әдеттегідей отбасы жанжалы болар деп, хабарлама түскен мекен-жайға жеткенде бес қабатты үйдің бесінші қабатының өртеніп жатқанын көреді. Ес түстерінен айырыла шулаған көршілер үйдің ішінде балалардың барын айтады. Сол сәтте өрттің қара түтініне қарамастан, Дәурен Қасымжанұлы білек сыбана балаларды құтқаруға тырысады. «Пәтерге кірсем, түтіннен басқа ештеме көрінбейді екен. Дереу бір матаны суға малып, бетіме орап, бөлмелердің ішінен балаларды іздедім. Қарасам, төрт бала кереуеттің үстінде бірінің үстіне бірі үймелеп жатып қалған. Ес түссіз. Сол сәтте, демім де таусылуға шақ қалды... Соңғы күшімді сарқып, балаларды иығыма арқалап сыртқа алып шықтым. Алғашында екеуін, кейін екі баланы шығардым. Екінші рет кірейін дегенімде, өрт одан әрі өршіп, маңайлатпады. Сонда да еш кідірместен, жанымды шүберектің ұшына түйіп, балаларды құтқардым», - дейді Д.Алтаев сынақты сәтті еске алып.

Міне, қызметіне деген осындай адалдығының арқасында, төрт сәбидің өмірін ажалдан арашалап алып қалды. Қыршынынан қиылар еді, қайыра өмір сыйлады. Халқымыз «Ер - еңбегімен еңселі» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, осындай еңсесі биік азаматтарымыз аман болып, еліне еңбегі сіңсін деп тілек білдіреміз. Ортамызда, Дәурен Алтаевтай қайсар жандар көп болғай.

 Әдебиеттер:

 Асан М. Парасатты полицей // Егемен Қазақстан.2017. - 5 маусым (№ 105). – 7 б.

Ғалым Қ. Ұрпаққа үлгі ерлігі // Орталық Қазақстан. - 2018. - 4 тамыз (№ 85). – 3 б.

Қанафин Н. Батырлар - құрыш // Орталық Қазақстан. - 2018. - 3 ақпан (№ 14). – 1 б.