Ойшыл оқырмандар мен поэзияның талғампаздары үшін кітапханамызда ақын, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің туғанына 85 жыл толуына орай «Ақыл – ойдың айсбергі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде ақынның өмірбаяны, шығармашылық және қоғамдық-саяси қызметінің негізгі кезеңдерінен тұратын кітаптар мен фотосуреттер ұсынылды. Ақын туындыларының орыс тілінде жарыққа шыққандары да осы көрмеден табылады. 1961 жыл жас талапкер үшін әдеби ғарышқа самғау жылы болды. «Арғымақтар» және «Адамға табын, жер, енді» атты жинақтары жарық көріп, бүкіл жұртты елең еткізді. Қай тақырыпта сөз қозғаса да, Олжас туындылары өткір тартысқа құрылып отырады. Осыдан келіп ақынның биік азаматтық үні, белсенді позициясы анық байқалады. Өзіндік асқақтық, шынайылық, сезім астасуы, ойнақылыққа ойыса білу, т.б. ерекшеліктерімен көзге түседі. «Біз жаңаша өлең жазуды Олжастан үйрендік» дейді - Сергей Марков.