Қымбатты достар!
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өнер туралы әдебиеттер бөлімі 7 қазан мен 10 қараша аралығында «Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан» атты арт-челлендж ұйымдастырып, өткізді. Аталмыш шараға Қарағанды, Қаражал, Балқаш қалаларынан, Қарқаралы ауданы мен Топар, Осакаровка кенттерінен өнерпаздар қатысты. Жұмыстарды сараптай келе тек қырыққа жуық қолөнерші мен суретшінің жұмыстары тақырыпқа сай болды.
Аталмыш шараға қатысушылар жүннен киіз басу, тоқыма тоқу, ағаш ою арқылы жасаған бұйымдарын, бисерден, модельдеу арқылы, оригами өнері, авторлық қуыршақтар, табиғи материалдардан жасалған қолөнер бұйымдарымен қатар, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын ұсынды.
Бұл игі бастамаға қатысушылардың барлығы жас ерекшеліктеріне қарамастан шығармашылыққа құштар жандар екенін өз өнерлерімен дәлелдеді.
Қатысушылар шығармашылық жұмыстарын Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде #qazart30 және #karlib хэштегтерімен жариялады.