Қарағанды қаласының архитектуралық - жоспарлы құрылыстарын оның жоспарлау жобасына сәйкес бірнеше кезеңге бөлуге болады.
Облыстық және қалалық билік басындағылардың алдында 30 жылдары ретсіз, шашыраңқы салынған 1934 жылы қала статусына ие болған поселкелерге бірыңғай қалалық келбет беру міндеті тұрды. 1932 жылғы жоба 180 мың халқы бар, көмірлік шоғырлы жерге қала тұрғызуды қарастырған және таяу онжылдықтарда көмір өндірілмейтін шахталардан тыс жерлер қарастырылған. Жоспар 2 жылдан астам уақыт талқыланған, бірақ көмір қабаттарын қазуға байланысты жаңа міндеттердің туындауына байланысты жоба қажетсіз болып қалған.
1934 жылы жаңадан бас жоспар жасау қолға алынды, көптеген талқыланулардан кейін 1939 жылы 9 ақпанда нақтылы бекітілді. Жаңа бас жоспарда 300 мың халқы бар қала тұрғызуды қарастырған. Бұл бас жоспарға сәйкес қалада ешқандай ескі қала (шахталар маңайындағы кеншілер үйлері) болмау керек. Жаңа қала жобасы (қаланың әкімшілік орталығы) елді-мекен құрылысының соңғы үлгісімен, көпқабатты үйлерді қарастырып жасалған. Құрылысты 1950 жылы аяқтау жоспарланған. Соғыс алдындағы үш жылда көп жұмыс тындырылды: екі және үш қабатты үйлердің алғашқы кварталдары пайда болды. Қаланың сол жақ шетінде алғашқы көшелер құрылды: Амангелді, Жамбыл, Доскей атындағы көшелер. Алғашқы елді-мекен ансамбльдерін салу басталды – Сталин даңғылы (Бұқар-Жырау) Ленин даңғылының қиылысында. Алғашқы төрт қабатты үйлер пайда болды. Қаланы көркейту жоспарына соғыс кедергі болды. Жаңа қаланың көп қабатты үйлерін тұрғызу 1948 жылы қайта қолға алынды, ірі-ірі мәдени-тұрмыстық ғимараттар тұрғызылды. 1950 жылдары Сәтбаев, Доскей, Жамбыл көшелерінің құрылысы аяқталды.
1968 жылы Қарағандының 600-700 мың тұрғынға арнап дамытудың жаңа бас жоспары бекітілді. Осы кезге дейін Қарағандының аумақтық даму мәселесі шешілді. Жаңа бас жоспардың негізгі идеясы 20 жылдың ішінде жаңа қала құрылысын аяқтау және тағы да 3 ірі жоспарланған аудан құру: Оңтүстік-шығыс, Майқұдық және Пришахтинск. Төртінші жоспарлы аудан – Майқұдық пен оңтүстік-шығыс арасында. Бас жоспардың негізгі идеясы – тарихи қалыптасқан және абаттандырылған аудандары бар бір тұтас қала тұрғызу. Сәулетшілер Э.Г.Меликов, С.И.Мордвинцев, М.О.Жандәулетов 1978 жылы архитектуралық жоспарлау жұмыстарына сай Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1975 жылы жаңа қаланың қосымша құрылыс жұмыстары негізінен аяқталды. 8 алаң, 14 басты көшелер қаланың ішкі көркемдігін, бейнесін анықтайды.
Қазіргі кезде қаланың дамуы ҚР Үкіметінің 2007 ж. 10 желтоқсанындағы №1205 қаулысымен бекітілген бас жоспар бойынша жүргізілуде.
Дереккөз:
- Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 2006. – 584 б.
- Меликов Э.Г. Города не строятся, они создаются: Этапы архитектурно-планировочного развития города Караганды (1930-1980 ж).
- Андреева А. С демографическим резервом // Взгляд на события. – 2007. – 16 мая.
- Терещенко С. Что построят в Караганде // Новый вестник. – 2007. – 12 декабря.
- www.adilet.minjust.kz