2020 жылдың 25 наурызында мәдениет қайраткері Мақат Рымжанұлы Рымжановтың туғанына 100 жыл толды.

 Мақат Рымжанұлы Рымжанов 1920 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Абыз ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ақтар мен қызылдар боп қырылысқан қырғын заманмен орайлас өтті. Оның жігіттік шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына дәл келген. 1940 жылы әскерге алынып, Алматыдағы атқыштар-пулеметтік училищесіне оқуға жіберіледі. Осында бір жылдай ғана оқып, соғыс басталғанда взвод командирі болып майданға аттанды. Ленинград бағытындағы қиян-кескі шайқастарға қатысады. Аздаған уақыттың өзінде батальон командирінің көмекшісіне дейін көтеріледі. 1942 жылы ақпанында ауыр жараланып, жарты жылдай госпитальда жатып емделеді. Әскери қызметке жарамағандықтан темір жолдың саяси бөліміне жіберіледі. Аякөзде саяси бөлімді басқарып, басқадай жауапты қызметтер атқарады. Қазақстан Орталық Комитетінде нұсқаушы болып жүріп, соғыстан соң Мәскеудің Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітіреді. Бар-жоғы 35 жасында Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады. Ал 1960 жылы Қарағанды облысы партия комитетінің хатшысы болып ауысады. Облыстық атқару комитетінде жауапты қызметте болады. 1971 жылғы маусым айынан бастап 1985 жылғы қыркүйекке дейін облыстық мәдениет басқармасын басқарды. Құрметті демалысқа шыққан соң екі жылдай С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры болды. Бұдан соң ұзақ уақыт облыстық филармонияда қызмет істеді. Осы жылдардағы еңбегі үшін бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен және 16 медальмен марапатталған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болып, “Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” атағын алған.

 

Жастайынан қызметке араласып, ерте есейген, табиғатынан сергек Мақат Рымжанұлы, әсіресе мәдениет саласына ерекше үлес қосты. Өзі 15 жылдай мәдениет мекемелерін басқарған кезде талай өнер ордаларының ашылуына мұрындық болды. Сол 70-80 жылдары музыкалық комедия театры мен неміс театры өмірге келді. Сол кезде симфониялық оркестр құрылып, “Гәкку”, “Фройндшафт” эстрадалық ансамбльдері ұйымдастырылып, кітапханалар орталықтандырылды.

М.Рымжановтың мұндай еңбегі айта берсе ұшан-теңіз. Зейнеткерлікке шыққан соң да көптеген мәдени шараларды өткізуге мұрындық болды. Қалада алғашқы “Наурыз” мерекесі өткізіле бастағанда ол кісі көптеген ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғыртты. Шын мәнінде мәдениеттің ғұламасы атанған М.Рымжановпен есептеспейтін, оның ұсынысын тыңдамайтын адам жоқ еді. Оның білімі көптеген профессорлардан артық тұратын. Ол нағыз мәдениетті, тағлымы жоғары, өз ісінің білгірі атанған жан.

1997 жылы өмірден өтті.

2000 жылы М.Рымжанұлының туғанына 80 жыл толу қарсаңында, ол тұрған Лобода көшесіндегі 12 үйге ескерткіш тақта қойылды.

 Әдебиеттер:

Әбдешова А. Ұлтым деп соққан жүрегі // Мұрағат құжаттарындағы тарихи өлкетану - қазақстандық патриотизмнің негізі: мақсаттары мен болашағы: республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары / Қарағанды облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағаты; жауап. ред. Ж. Ж. Тұрсынова. - Астана: Профи Медиа, 2013. – 53-57 б.

Рымжанов Мақат // Қарағанды. Қарағанды облысы: энциклопедия / ред.А. Абдулин.- Алматы: Атамұра, 2006.- 450 б.

***

Алпысұлы С. Халқының қамқоры едi..// Орталық  Қазақстан.- 2000.-1 сәуiр

Асқарова Н. Iзгiлiк бастаулары // Орталық Қазақстан.- 2001.-15 тамыз

Ахмедиев Т. Ауыл театрының бүгiнгi ажары// Қарқаралы.- 2001.-9 маусым

Әбдешова А. Қазақтың біртуар азаматы // Қазақстан мұрағаттары.-2016.- № 1. - 46-48 б.

Әбдешова А. Ұлтым деп соққан жүрегі // Орталық Қазақстан. - 2013. - 18 сәуір. - 4 б.

Әзиев Ә. Майдан сарбаздары - Бауыржан мен Әзілхан // Орталық Қазақстан.- 2000.-26, 29 сәуір

Бейсембек Т. Еске түсiру кешi // Орталық Қазақстан.- 2000.-29 наурыз

Жұмағали С. Тайтөлеуі Абыздың - кейіпкері аңыздың: өнер саңлақтары // Орталық Қазақстан.-2005.- 27 қаңтар.-9 б.

Кенжебаев С. Ұлтым деп соққан жүрегi // Қазақ әдебиетi.- 2000.-24 қараша.- 9 б.

Қайсенов Д. Мәдениет ғұламасы// Орталық Қазақстан.- 2000.- 25 қараша

Құрманғазы Ө. Ауылды Еуропамен жалғаған Алаш баласы // Орталық Қазақстан. - 2020. - 3 наурыз (№ 25). - 4 б.