Кітапханамызда қазақ жұртының ХХ ғасыр басындағы ақыл-ойы, көрер көзі, қазақ әдебиетіне айтулы үлес қосқан, ұлт руханиятын даңқты туындыларымен байытқан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына  арналған  «Үш бәйтерек-Үш ғұмыр»  атты әдеби кеші өтті.                                                                                                                             

Кештің мақсаты: ұлағатты адамдардың өмірімен шығармашылық жолын жастарға ұғындыру, азаматтық тұлғасын таныту, ұлыларымыздың шығармаларын көпшілікке таныстырып, олардың  рухын, түсінік-танымын бүгінгі ұрпақтың есіне мәңгіге қалдыру, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Қазақ халқының ұлттық әдебиетінің қалыптасуы мен елдің қоғамдық өмірінің дамуына үлкен үлес қосқан, өздерінің жазған түрлі тақырыптағы шығармаларымен адамдардың жаңа заманға сай, сауатты болуына, ой-өрісінің өсуіне ықпал еткен, елді оқуға, білім алуға шақырған, үшеуі де үш бәйтерек сынды қатар өсіп, туған елі үшін еткен еңбектерімен шырқау көкке көтерілген, халқының болашағына жол сілтеген асыл перзенттері, 1894-1938 жылдар аралығында қатар өмір сүрген Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтер болды. Үшеуінің ғұмырлары тым қысқа болғанымен  соңдарында мәңгілік елдің мәңгілік мұрасына айналған ұлы шығармалары қалды.

 

Шара "Қарақат" мектеп студиясының домбырашыларының орындауындағы Әбдімомын Еркебаевтың «Ерке сылқым» күйімен ашылды. Кеш қонағы Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданының тумасы, «Ақжол» партиясының жетекшісі, «Сәкен ізімен» экспедициясының мүшесі Ш. Ә. Әбілдин, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының докторанты А.Қ.Қайырбекова, қатысып, Үш бәйтеректің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертіп, зерделі ой-пікірлері мен бөлісті. Қарағанды жоғары медицина колледжінің студенттері  «Тар жол, тайғақ кешу» шығармасынан, «Қарағанды тамақ және қызмет көрсету» колледжінің студенттері Б.Майлиннің  ел басына түскен ашаршылықтың шындығын көрсеткен «Күлпаш» шығармасынан үзінді көрсетті. Қарағанды жоғары мейіргерлік колледжінің студенті Айтмуханова Мерей   Ілияс Жансүгіровтың ұлы даланы, тау мен өзенді, орман мен көлді қамтитын тарихи туындысы «Құлагер» поэмасынан үзінді оқыды. Болашақ колледжінің студенті М. Алдияр «Сұлу терек» өлеңін, Балғожина Назым  мен Дюсекова Айсұлу  Б. Майлиннің    «Құбақан», «Сайлаудан келеміз елге ойран сап» өлеңдерін оқыды.

Шара соңыңда «Алаш арыстары» атты кітап көрмесіне  шолу ұсынылды.