2025 жылдың 25 мамырында Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында халқымыздың рухани-мәдени мұрасын насихаттауға арналған мазмұнды әрі мәнді шара өтті.

Бұл күн – Алаш қайраткері, жерлесіміз Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың туған күні. Рухқа тағзым ету мақсатында арнайы ұйымдастырылған бұл тағылымды кеште Ақтоғай өңірінің төл перзенті, өлкетанушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Өміртайұлы Мұқанның «Үш арыстың ауылынанбыз» атты еңбегінің тұсаукесері көпшілік назарына ұсынылды.

Кітап атауының өзі-ақ оқырманды терең ойға жетелейді. Елдің біртуар тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды Алаш қайраткерлерінің ізі қалған қасиетті өңір – Ақтоғай топырағының тарихы мен тағдыры туралы бұл еңбек ұлттық рухты жаңғыртатын ерекше дүние.

Тұсаукесер рәсіміне өңірге белгілі зиялы қауым өкілдері, әдебиет пен ғылым саласының мамандары, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, кітапханашылар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Жиналған жұртшылықты ерекше әсерге бөлеген кештің жүргізушісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі, тәжірибелі журналист Нұрлан Жұмашұлы Күлшікенов кештің мазмұнын шебер жеткізіп, қонақтардың жүрегіне жол тапты.

Іс-шара барысында Тұңғышбай Өміртайұлының шығармашылық жолына арналған «Тынымсыз ғұмырым» атты бейнебаян көрсетіліп, қаламгердің елге сіңірген еңбегі жайлы естеліктер айтылды. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері әзірлеген «Арқаның алтын бесігі – Ақтоғай!» атты тақырыптық кітап көрмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Онда Ақтоғай өңіріне арналған тарихи-танымдық басылымдар мен сирек деректер топтастырылған.

Шараның рухани ажарын аша түскен сәт – әншілердің жүректі тербеген әуезді әндері болды. Ұлт рухын, туған жерге деген сағынышты, бабалар аманатын сезіндіретін әндер кештің мазмұнын байытып, жиналған қауымды ерекше толқынысқа бөледі. Әнмен әрленген бұл рухани кеш жүректерге жол тауып, естен кетпес әсер қалдырды. Қонақтар әрбір ән орындалған сәтте толқып, тебіреніп, ән әуенімен бірге өткен күндерге шолу жасап отырғандай күй кешті.

Кітаптың тұсауын кескен құрметті қонақтар – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ. Бексұлтанов, гуманитарлық ғалымдар профессоры, шығыстанушы М. Баймұханов, ҚР Құрметті журналисі О. Жүнісұлы, Р. Смайылова, М. Төлеубекқызы және өзге де қоғам қайраткерлері мен білім және мәдениет саласының ардагерлері жаңа туындының маңыздылығына тоқталып, оның ұлт жадын жаңғыртудағы рөліне ерекше баға берді.

Шара барысында сөз алған оқырмандар мен қатысушылар автордың ізденімпаздығына, шынайы сүйіспеншілікпен жазылған еңбегіне риза болып, өз пікірлерін ортаға салды. Олар: «Мұндай еңбектер жас ұрпақтың бойында туған жерге деген махаббат пен тарихи танымды оятуға септігін тигізеді», – деген ойларымен бөлісті.

«Үш арыстың ауылынанбыз» – бір ғана өңірдің шежіресі емес, күллі қазақ тарихының бір парағы. Ел мен жер тағдыры тоғысқан бұл еңбекте тағылым мен тәрбие, елдік пен ерлік рухы қатар өріледі. Бұл кітап – өткенге тағзым, келешекке аманат.

 

 

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева

Ай кітабы