Қазақтың қаламгері Бельгер деген...: жазушы, сыншы, аудармашы, публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері Герольд Карлович Бельгердің 90 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 14 б.

«Герольд Бельгер – қазақ әдебиетіндегі теңдессіз құбылыс».

Шыңғыс Айтматов

Ұлты неміс болса да, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тарихын жетік меңгерген көрнекті жазушы, публицист, зерттеуші, сыншы, аудармашы Герольд Карлович Бельгердің туғанына биыл 90 жыл. Саналы ғұмырында «Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым», – деп туған жеріне, өскен ортасына, қабырғалы қазақ еліне адал қызмет етті. Қазақтың қайғысы үшін қабырғасы қайысып, қуанышынан қуаттанған Гер аға көзі тірісінде алпысқа жуық кітап, «Гете мен Абай», «Асылға абай болайық!» сияқты екі мыңға тарта мақала және көркем әңгіме жазды. Қазақтың тілі, мәдениеті, өнері, бірлік, ұлтаралық ымыраластық туралы қалдырған қадау-қадау қағидалары қаны неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соққан жазушының бітім-болмысын өзгелерден даралап, ақиқаттың жаршысына айналдырғаны бек шындық. Қазақтың шын жанашырының ел алдындағы адал еңбегі мен азаматтық ұстанымы кезінде сый-құрметке бөленді, қазақ топырағын мекендеген түрлі ұлттар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен шығармалары қазіргі таңда да әділ бағаланып жүр.

Библиографиялық жадынамаға қаламгердің өмірбаяны және ол туралы жазылған әдебиеттер мен мақалалар тізімі енгізілді.

Библиографиялық жадынама студенттерге, зерттеушілерге, өлкетанушыларға, әдебиетті сүйетін көпшілік оқырманға арналған.

Ай кітабы