Алаш қозғалысы, Алаш мұрасы, Тәуелсіздік идеясы ұғымдары сабақтас, өзара егіз ұғымдар. Қазақтың өзгелермен терезесі тең мемлекет болуын көксеген Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметін бүгінгі ұрпақ бағалап, ұлт жолындағы қызметін өмірлік маңызды бағыты етіп түйсіне алуы қажет. Осы бағытта Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Елін сүйген ерлер партиясының негізін қалаушыларының бірі, ақын, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, жерлесіміз Махмет Темірұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Алаш идеясы және кеңестік кезеңдегі жастардың астыртын саяси ұйымдары: тарихи сабақтастық, тұлғалар тағылымы» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. 

Конференцияны Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Д.Б. Аманжолова ашып, отандық тарихта өшпес із қалдырған ЕСЕП партиясын құрудағы ерлікке толы тұлғалардың есімі ұрпақ жанынан өшпейтінін айтып, өткізіліп отырған жиын жұмысына өлшеусіз үлес қосып, серіктес болған Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетіне алғысын жеткізді, конференция қатысушыларына сәттілік тіледі. 

Оқырман қауым назарына «Алаш жолында, азаттық қамында...» атты кітап көрмесі, «SARYARQA» арнасының редакторы Ә. Жанпейісовтің авторлығымен түсірілген «Махмет Темірұлы» деректі фильмі мен тарихшы ғалым Ә.Жағыпардың «Махмет Темірұлы қайраткерлігі мен шығармашылығы» атты жаңа кітабының таныстырылымы ұсынылды.

Алқа мәжілісінде Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-дың профессоры, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Н.А. Бейсенбекованың «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық идеология», «ЕСЕП» партиясының негізін қалаушы Бүркіт Ысқақовтың қызы А.Б. Ысқақованың (Алматы қ.), «Ардақты Махмет аға – асыл адам еді...», жазушы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі С.Ж. Жанысбайдың «Ақынның арманы мен азаптары», Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Г.Бұхарбаеваның «Шындыққа шырмалған тағдыр», Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ, Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, г.ғ. магистрі Ә.Б. Жағыпардың «Махмет Темірұлы – тұлғатанушы және зерттеу тақырыбының қазіргі заманғы өзектілігі» тақырыптарында ғылыми баяндамалар оқылып, Алаш идеясын үзбей жалғаған, ұлттық тәуелсіздікті армандаған ЕСЕП партиясы мүшелері жайында өз ойларымен бөлісті. Алаш қайраткерлерінің рухани мұрасы отандық тарихта өшпес із қалдырғанын ортаға салды. 

Конференция модераторы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің доценті, т.ғ.к Л.Т. Тілегенова конференциядағы өзекті мәселелерді ой талқыға салатын ғылыми жиынның маңыздылығын атап өтті.

Сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы ішкі істер саласының ардагері, полиция полковнигі, Махмет Темірұлының ұлы Дәулет Махметұлы әкесі жайлы тың деректерді ортаға салып, өткенді ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың борышы екенін айтып, ел үшін қызмет еткен тұлғалардың, халқына қамқор болған күрескер азаматтарды ұлықтап, жастарға насихаттайтын осындай шаралардың көптеп өтуіне тілекші екенін жеткізді. Махмет Темірұлы ұрпағы атынан шараға қатысушы жастардың баяндамаларының үздіктеріне ақшалай сыйлығын табыстайтынын айтып, жастарды бір жігерлендірді.

Шараның екінші жартысында «Алаш және Тәуелсіз Қазақстан: тәуелсіздіктің тарихи бастаулары», «Абай дәстүрі және Махмет Темірұлы шығармашылығы», «Алаш идеясы жас зерттеушілер көзқарасымен» деген үш бағытта жұмыс жасады. 

Өткізілген алқа мәжілісі, секциялық отырыстар мен пікірталастардың қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Қатысушыларға конференция жұмысы бойынша жарық көрген материалдар жинағы мен сертификаттар табыс етілді.

Ай кітабы