Ананы баласынан, ағаны бауырынан айырып, мыңдаған боздақтарды жер жастандырып, бөтен елдің топырағын бұйыртқан зұлмат соғыстың өлшемі адам өмірімен, тағдырымен бағаланып, өте қымбатқа түскен жеңістің аяқталғанына биыл 78 жыл. Бұл жеңіс ұлтымыздың жадында мәңгі қалмақ.

Қарағанды аймағынан 1941-1945 жылдары майданға 45 мыңға жуық жауынгер аттанып, 18 мыңдай боздақ туған топырағына оралмай, майдан даласында, елден жырақта өшпес ерліктің үлгісін танытып, қаза тапты. 34 қарағандылық жауынгер – Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алды. Сол қаһармандарымыздың бірегейі - Мартбек Мамыраев.

М.Мамыраев 1942 жылғы мамырда майданға шақырылып, сол уақыттан бастап 1944 жылдың қыркүйегіне дейін үшінші гвардиялық дивизияның 12-полкінде қатардағы жауынгер болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1943 жылы 29 қыркүйекте Мартбек Днепр өзенінен өту кезінде пулемет оғымен ротаны қорғай отырып, алдыңғылардың бірі болып 700-800 метрлік ені бар толқынды Днепр өзенін кешіп өтеді. Осы шайқаста гвардия сержанты Мамыраев Мартбек асқан ерлік көрсетеді. Ерлігі мен жауынгерлік табандылығы үшін ол Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін М.Мамыраев Қарағанды қаласындағы Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары және Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтында директордың өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.

Биыл Мартбек Мамыраевтың туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай, Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Мартбек Мамыраев атындағы мектеп интернатының ұйымдастыруымен «Мартбек  көшесінде» атты насихат акциясын өткізді.

Шараның мақсаты: Мартбек Мамыраевтың есімін ел ішінде кеңінен тарату, мөлтек ауданы атауын әйгілеу.

Кітапхана қызметкерлері көше тұрғындарымен сұхбаттасып, сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесінде тұрғындардың өздері тұратын көшенің атымен аталған тұлға жайлы көпшілігі жақсы білетіні бізді қуантты. Көбісі Мартбек Мамыраевты жақсы білетінін айтып, қызықты оқиғаларымен бөлісті. 

Сонымен бірге көшеде Мартбек батыр жайлы білуге викторина ұйымдастырылып, әрбір дұрыс жауап үшін кітаптар табыс етілді.

Кітапханашылар жастарды жергілікті ақындардың Мартбек Мамыраевқа арнаған өлеңдерін оқуға тартты және батыр жайлы флаерлар таратты.

М. Мамыраев атындағы аллеяда батыр атындағы мектеп оқушыларының дайындаған «Ешкімде, ешқашанда ұмытылмайды» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Ай кітабы