Қазақ жерінің, қазақ елінің ең сұрапыл қасіреті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасына 300 жыл толуына орай,25 сәуір күні кітапханамызда «Ұлы қасірет жылдары» атты тарихи сағаты өтті.

«Ұлы апат жылдары» - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен енген тарихи оқиға Ш.Құдайбердиевтің түсіндірмесіне сәйкес, «Жаяу-жалпы адамдардың ақ табан болғанша жүгіріп қашуы» делінген. Дәл сол жылдары қазақтың ең көне әні – жоқтау «Елім-ай» қазақ қайғысының символы ретінде дүниеге келді.

Шараның мақсаты – 1723-1727 жылдардағы Қазақстанның ең қайғылы кезеңінің тарихымен жастарды таныстыру, олардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру және қазақ халқының өткен тарихына құрмет көрсету.

Тағылымы мол шараға Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің зерттеуші-профессоры З.Ғ. Сақтағанова мен тарих факультеті, археология, этнология және Отантарихы кафедрасының аға оқытушысы Н.Б. Смағұлов қатысты.

Іс-шара барысында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасына жалпылай шолу, «Елім-ай» тарихи сазды әнінің шығу тарихы мән бүкілхалықтық әнге айналуының мәні, сондай-ақ,«Батырлар мен билердің тәуелсіздік жолындағы күрестің рөлі» атты тақырыптар талқыға түсті.

Кеш қонақтары Тәуелсіз қазақ жұртының өткені мен бүгіні туралы тарихқа шолу жасап, тарихи оқиғаның терең мағынасына тоқталып, тарихи сағаттың маңыздылығын арттыра түсті. Жастарға халқымыздың жаппай батылдығының көрінісіне және қазақ жерінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін қазақ халқының бірігуінің маңыздылығын баяндап өтті.

Шара барысында зерттеуші-профессор З.Ғ. Сақтағанова жаңа ғылыми деректер негізінде зерттеген тың баяндамаларын ортаға сала отыра, «Ұлы апат жылдарының» ашылмаған тұстарына тоқталып, тарихнамалық тұрғыдан маңызды пікір білдірді.

Тарих факультетінің оқытушысы, докторант Н.Б. Смағұлов студенттер арасында талас тудырған қазақ-жоңғар қақтығысының себебі «тарих қалтарысында қалған қалыңдық дауы ма?» деген тұжырымныңшындыққа жанаспайтын әпсана екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, «Ақтабан шұбырынды» қасіретін мән-мағынасын білу бүгінгі жас ұрпақтың міндеті екендігін ерекше атап өтті. Қатысушылар ерекше әсермен тыңдаған «Елім-ай» тарихи өлеңінің мағынасын түсіндірді.

Сонымен қатар, «Ұлы қасірет жылдары» атты иллюстрациялық кітап көрмесіне шолу ұсынылды. Көрмедекітапхана қорындағы  энциклопедиялар мен материалдар, тарихи тұлғалар туралы еңбектер, тарихшылардың ғылыми еңбектері, сондай-ақ, Ұлы апат жылдарындағы қайғылы оқиғаны бейнелейтін көркем әдебиеттер және мерзімді басылымдар беттеріндегі құнды мақалалар легі ұсынылған.

Шара соңында қатысушылар тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, таңғажайып өмір кешіп жатқан жеткіншек жастарға үлгі боларлық, осындай танымды әрі тарихи шаралар жалғасын таба берсін деген ақ тілектерімен аяқталды.

 

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д.

Ай кітабы